Рухани жаңғырту мемлекеттің дамуына жетелейтін маңызды қадам
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының басты бағыттары кеңінен талқыға салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиынды ашқан Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Бейсембай Жұмабеков ауқымды экономикалық реформалар қоғамдық сананы жаңғыртуды талап ететінін атап өтті. Бұл ретте Мемлекет басшысы мақалада оның маңызды басымдықтары мен бағыттарын айқындап берді.
Өз кезегінде Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Ғазиз Телебаев қоғамдық сананы жаңғырту мемлекеттің дамуына, елдегі бірлік пен келісімнің нығаюына жетелейтінін маңызды қадам деп баға берді. «Технологиялық жаңғыруға арналған биылғы Жолдаудан және саяси жаңғыруға бағытталған конституциялық реформадан кейін маңызды қадам рухани жаңғыруға бағытталған. Елбасының мақаласында белгіленген мақсат-міндеттер өте өзекті. Алмағайып әлем жылдам түрде өзгеруде. Оған жұдырықтай жұмылған ұлт болып бейімделуіміз қажет. Латын әліпбиіне көшу, туған жерді көркейту, гуманитарлық білім беру, мәдениетті заманауи қалыпқа келтіру, құндылықтардың бүкіл қазақстандық шеңберін құру, замандастарды құрметтеу - барлығы нақты тапсырмалармен ұласады, барлығына іске асырылатын уақыт берілген», - дейді ол.
Жиын барысында Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Сағынтай Бердағұлова стратегиялық маңызды мақалада білімнің маңыздылығына ерекше назар аударылғанын алға тартты.
«Қазіргі заманда бәсекеге қабілетті және табысты атану - күрделі міндет. Бұл ғылыми, бағдарламалық көзқарасты талап ететіні даусыз. Мемлекет басшысы ұлттық сананы жаңғыртудың маңызды бағыттарын белгілеп, білімді және көкірегі ояу болуға ұмтылудың қажеттігін айқындады. Себебі білім беру саласы - келешекте табысқа қол жеткізудің кілті»,-деді Бердағұлова.