«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ведомствоаралық байқау өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ҚР Бас прокуратурасының бастамасымен «Рухани жаңғыру - патриотизм негізі» атты ведомствоаралық байқау өтеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы 2014 жылдан бері құқық қорғау және әскери-мемлекетттік мекемелер арасында республикалық ведомствоаралық байқау өткізіп келеді. Ол шаралардың басты мақсаты - патриоттық рухты күшейте отырып, мемлекеттік тілді насихаттау, күш-қуат органдарында қызмет етіп жатқан азаматтардың еліне, жеріне, Отанына деген сүйіспеншілігін таныту болып табылады. 2014 жылы «Тіл - татулық тірегі», 2015 жылы «Тіл -тұтастық кепілі» деген байқау өткізген болсақ, биылғы тақырыбымыздың жөні де, жоралғысы да бөлек. Себебі, биыл Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген патриотизмді күшейту мақсатында байқау өткізгелі отырмыз», - дейді Бас прокурордың кеңесшісі Нұргүл Қарағойшина.
Оның айтуынша, биылғы байқауға мемлекеттік орган өкілдері қатысады. Олар - Бас прокуратура, ҚР ҰҚК Шекара қызметі, Мемлекеттік күзет қызметі, Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, ҚР Қорғаныс министрлігі мен ҚР ІІМ.
«Аттары аталып тұрғандай, бұл мемлекеттік мекемелер еліміз үшін аса маңызды ірі органдар екені белгілі. Биылғы шараға ерекше маңыз берілді. Бұл байқау Президент Әкімшілігінің де бақылауында болмақ. Мемлекеттік органдар үшін бұл маңызды», - дейді ол.
Жалпы байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең - әр мемлекеттік құрылымның «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қатысты атқарып жатқан қызметтері аясында таныстыру рәсімін жасайды. Екінші кезең - театрландырылған сахналық көрініс.
«Әрине, бұл жекелеген орган болғаннан кейін әр мекеме барын салатыны белгілі. Сондықтан, осы сайысқа қатысуға атсалысқан органдардың бірінші басшылары және ұйымдастырып жүрген азаматтарға, қатысып отырған командалар рахметімді айтқым келеді», - деп түйді Нұргүл Қарағойшина.