Рухани жаңғыру бастамаларының заңды жалғасы - Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасы Жолдауы жайлы

Жиынға елдегі жетекші партиялардың басшылары, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы және бірқатар қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауын ел өміріндегі басты оқиғалардың бірі деп атап өтті.
«Бүкілхалықтық талқылауға ұсынылып отырған Елбасының биылғы Жолдауын осыған дейінгі мемлекеттік, саяси, әлеуметтік, экономикалық және рухани жаңғыртуға бағытталған аса үлкен бастамалардың заңды жалғасы деп есептеймін. Және бұл жолғы Жолдау әрбір қазақстандыққа, оның өміріне, оның денсаулығына, әл-ауқатына деген Елбасының нақты қамқорлығын айқын көрсетіп отырған құжат. Сондықтан сіздер мен біздердің ендігі мақсатымыз осы Жолдаудың әрбір бастамасын, мазмұнын барша қазақстандықтарға жеткізу деп есептеймін», - деді М. Құл-Мұхаммед Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының отырысында.
Айта кетейік, Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы «Нұр Отан» партиясының бастамасымен құрылды. Ол 5 саяси партияның, 17 ірі қоғамдық бірлестіктің және 500-ден астам үкіметтік емес ұйымдардың басын біріктіреді.