«Рухани жаңғыру» бір-екі жылға арналған бағдарлама емес - Дархан Мыңбай
Оның айтуынша, «Рухани жаңғыру» - бір-екі жылға арналған бағдарлама емес. Сол себепті санға емес, сапаға назар аударатын мезгіл жетті. Енді дөңгелек үстел, түрлі жиналысты азайтып, барынша сапалы, жұртшылық үшін пайдалы іс-шараларды ұйымдастыру керек. Жалпы, осыған орай Батыс Қазақстан облысында да белсенділік артып, серпіліс болатыны анық.
Дархан Мыңбай Ассамблея алдында тұрған мақсат-міндеттерге тоқталып, осы орайда батысқазақстандықтардың жұмысына сәттілік тіледі.
Облыс әкімі, Қазақстан халқы БҚО ассамблеясының төрағасы Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, өңірде тоқсаннан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Облыстық Ассамблея құрамында 127 мүше, 20 мыңнан астам белсенді, 52 этномәдени орталық бар. Ассамблеяның 52 мүшесі түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары ретінде де өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуда. 2016 жылы Елбасы тапсырмасына сәйкес Оралда ашылған Достық үйінде облыстық Ассамблея мен оның құрылымдық бөлімшелерінің, барлық этномәдени орталықтардың жұмыс жасауы үшін толық жағдай бар. Өңірде жыл сайын түрлі этнос күндері тұрақты ұйымдастырылып, түрлі ұлт өкілдерінің халықтық мейрамдары аталып өтілуде. Биыл ассамблея «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында алты бағыт бойынша жиырмадан астам жобаны қолға алды. «100 жаңа есім» жобасына сәйкес жұмыс тобы құрылып, 305 үміткер іріктеліп, республикалық комиссияға жолданды.
Жиынға қатысқан этномәдени орталықтардың жетекшілері де өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Дархан Мыңбай жұмыс сапары барысында Оралдағы бірқатар мекеме-кәсіпорындарда болып, ондағы қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысымен танысты.