Рухани жаңғыру: ОҚО-да бірнеше фильм түсірілмек
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының 1 жылдығына арналған кешенді көрме өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл шара оңтүстіктің тарихи шежіресі мен қолөнершілер, фотосуретшілер, мүсіншілер, суретшілердің қылқаламынан туындаған өнер шығармалары, әдеби шығармаларды насихаттау мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірде жүзеге асырылған жұмыстарының қорытынды көрмесін ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің ХХІ көшпелі пленарлық отырысына арнайы келген ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев пен пленарлық отырысқа қатысушы еліміздің көшбасшы жастары тамашалады.
Кешенді көрмеде келушілер назарына облыстан қасиетті, киелі жерлердің тізіміне енгізілген тарихи-мәдени нысандардың, мәдени іс-шаралардың, түсірілген көркем, анимациялық, деректі фильмдердің көрмесі мен белгілі қылқалам шеберлерінің шығармалары көрсетілді. Сондай-ақ, қолөнер шеберлерінің жасаған бұйымдары, мүсіншілердің мүсіндері, облыстың көркем жерлері бейнеленген фотосуреттер қойылды. 9 бөліктен тұратын көрмеде жергілікті ақын-жазушылардың кітаптары, ұлттық киімдер және Қазақстандағы 100 жаңа есім жобасына енген азаматтар туралы туындылар ұсынылды.
Айта кетейік, жалпы Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында Оңтүстік Қазақстан облысында бір жыл ішінде 4370 іс-шара ұйымдастырылды. Осының нәтижесінде өңір бағдарламалық мақаланы жүзеге асыруда облыстар арасында алдыңғы қатарға шықты. Сонымен қатар, облыс «Туған жер» жобасы бойынша 31 млрд 467 млн теңгені құрайтын 577 нысан бой көтеріп, рекордтық көрсеткішке ие болды. Олардың қатарында білім, денсаулық, спорт, мәдениет және әлеуметтік ғимараттар бар.
Бұдан бөлек, тарихи-мәдени мұраларды насихаттап, жастарға патриоттық тәрбие беретін «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикая мен «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау», «Күш атасы - Қажымұқан» атты анимациялық және «Ұлы Жібек жолындағы ескерткіштер» атты деректі фильмдер түсіріліп, қоғам назарына ұсынылды.
Алдағы уақытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ордабасы тауы» қорық мұражайына ел бірлігін дәріптеген қазақ халқының Төле, Қазыбек, Әйтеке билеріне монумент орнату және «Үш би» көпсериалды фильмі мен «Ордабасы - бірліктің туы», «Көне Түркістан», «Шымкент тарихы», «Оқсыз оқиғасы» атты анимациялық фильмдер түсіру жоспарлануда.