Рухани жаңғыру: ОҚО-да халықаралық деңгейдегі жобалар жүзеге асырылады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген республикалық және халықаралық жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Рухани жаңғыру: ОҚО-да халықаралық деңгейдегі жобалар жүзеге асырылады

Аймақ басшысының айтуынша, мамыр айында Оңтүстік Қазақстан облысында «Ордабасыға оралу: Береке басы - бірлік» тақырыптарында үлкен іс-шаралар өткізіледі. Сондай-ақ, әр жыл сайын «Туған жерге тағзым: Ордабасы көктемі» атты жастар форумы ұйымдастырылмақ. Бұдан бөлек, «Ақсу-Жабағылының алауы, Шұбайқызылдың жалауы» қызғалдақ фестивалі, «Қымызмұрындық», «Safari Shardara», «Қауын fest» сынды бұрын соңды болмаған жаңа бағыттағы шараларды жүзеге асыру жоспарлануда.

«Алқызыл қызғалдақтың ең әдемілері Түлкібастағы Ақсу-Жабағылыда және Шұбайқызыл деп аталатын теңдесі жоқ төбеде өседі. Қызғалдақ - облысымыздың символы, ол «Қызыл кітапқа» енген, яғни айырықша қорғауды қажет етеді. Сондықтан, осы мақсатта жыл сайын сәуір айында «Қызғалдақ фестивалін» өткізетін боламыз. Сондай-ақ, өңіріміздегі білім ұяларынан түлеп ұшқан түлектерді жаңа өмірге Ордабасы тауынан аттандырамыз. Елдің рухани сусынын қандыру мақсатында өңірде «Халықаралық өнер фестивалін» өткізу дәстүрге айналады. Оған елімізбен қатар шетелдік өнерпаздар да қатысады. Ұлттық өнерімізді қолдау мақсатында фольклорлық жанр түрлерінен де байқаулар өткізіледі. Биылғы жылы «Қымызмұрындық» іс-шарасын Бәйдібек ауданының тау баурайында өткізу жоспарланып отыр», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

null 

Өңір басшысының айтуынша, облысымызда ай сайын «Оңтүстіктің дара тұлғалары» тақырыбында елге танымал зиялы қауым, ғалым, қоғам, мемлекет қайраткерлерінің жастарға арналған дәрістері ұйымдастырылады.

null

Айта кетейік, КСРО Суретшілер одағының 12 мүшесі Төлеби ауданына қарасты Қасқасу ауылынан шыққан. Осыған орай, Төлеби ауданында халықаралық, республикалық дәрежедегі суретшілер мен мүсіншілердің заманауи өнер биеналлесін өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, тамыз айында жыл сайын «Қауын fest» ал, қыркүйек айында «Агро fеst» фестивалін өткізу де жыл сайынғы дәстүрге айналады.

null 

Бұдан бөлек, облыстың туристік әлеуетін дамыту мақсатында жыл сайын қазан айында «Safari Shardara» шарасы басталады. Қызылқұм өңірінде, Сырдария өзенінің бойында, Шардара теңізінің жағалауларында сейіл-серуен, сафари, су жарыстары, күзгі джаз, гитара фестивальін ұйымдастырып, өлкемізді шетелдіктерге таныстыру көзделіп отыр.

null 

Ал, қыс айларында облыста «Салбурын - саятшылық мерекесі», «Қансонарда бүркітші шығады аңға» атты іс-шаралар ұйымдастырылады. Оның мақсаты - жас ұрпақ бойына бабалар салтын сіңіріп, саятшылықты, ұлттық спорт түрлерін насихаттау болмақ. Осы іс-шаралар аясында бүркіт салу, тазы жүгірту, құсбегіліктен сайыстар өткізіледі. Бұл шараларды халықаралық деңгейге көтеріп, әр жыл сайын шетелдік туристер арнайы келіп тамашалайтындай дәрежеге жеткізу көзделіп отыр.
Сонымен қатар еліміздің рухани астанасы - Түркістан қаласы мен Отырар ауданында «Ұлттық қолөнер - ұлы мұра» іс-шарасын өткізу жоспарда бар.

null null null null