Рухани жаңғыру: Qazaqstan ұлттық арнасының күзгі маусымға тартуы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы жаңа маусымда ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірнеше жоба ұсынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақстан» РТРК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Рухани жаңғыру: Qazaqstan ұлттық арнасының күзгі маусымға тартуы

«8 қыркүйектен бастап әр саланың үздіктерін біріктірген public talk форматындағы «Сен де бір кірпіш дүниеге...» жобасы эфирге шығады. Сондай-ақ, киелі қазақ даласының әсем табиғатымен таныстыратын «Kieli Qazaqstan. 24 сағат табиғат құшағында» географиялық реалити-шоуы мен әр өңірдің ерекшеліктерін, тыныс-тіршілігін көрсететін «Ғажайып өлке» жобасы ұсынылады», - делінген хабарламада.

Одан бөлек, заманауи Қазақстанның жаңа тынысын, бүгінгі заман жастарының жетістіктерін танытатын «100 жаңа есім» циклді хабары мен «Latyn alipbii» бейнероликтер топтамасы әзірленуде.

Жобаның кешегісі мен бүгіні, ондағы қамтылған міндеттер жайлы «Рухани жаңғыру: екі жылдық асу» арнайы тележобасында көрініс табады. Ал жаңғырудың маңызды алғышарты - дәстүр мен дін сабақтастығы «Иман өзегі» бағдарламасы арқылы насихатталмақ.

Сондай-ақ, көрермен жаңа маусымнан бастап арна эфирінен өткен дәуірдегі тарихи тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы жайлы деректі фильмдер топтамасы мен «Орбұлақ шайқасы» тарихи телехикаясын тамашалай алады. Бабалар рухына тағзым ретінде түсірілген туынды көрермен назарына осы күзде жол тартады.

Бұған дейін хабарланғандай, ұлттық арна күзгі маусымға 14 жаңа жоба ұсынады. Одан бөлек, көрермен көзайымына айналған 10 бағдарлама жаңаша форматта эфирге қайта оралатын болады.