Рухани жаңғыру: Жастарға мобильдік қосымшалар таныстырылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік тілді дамыту қорының өкілдері 11-12 cәуірде Көкшетау және Петропавлда студенттер, мемлекеттік орган өкілдері, жастар қоғамдық бірлестіктері, өзге ұлт жастары, мұғалімдер, ғалымдар және журналистермен кездесулер өткізді.
Кездесуде ұйымдастырушылар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен қазақ тілінің латын графикасына көшуіне қатысты мәселе көтерді.
Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шауеев қазақ тілінің латын графикасына көшуі қазақ тілін жаңғыртуға және еліміздің техникалық прогресіне жол ашатынын атап өтті.
Кездесулер барысында смартфон және планшеттерге (Android және iOS платформалары үшін) арналған латын әріптерімен қазақша пернетақта «Qazaq Latyn Keyboard» жаңа жобасын таныстырды. «Qazaq Latyn Keyboard» қазақ тілін латын қаріпінде барлық қосымшаларда қалыпты қолдануға мүмкіндік береді. Қолданушылардың ыңғайына және үйренуіне арналып пернетақта жиынтығының транслитерациясы жасалды. Оның көмегімен қазақ сөздерін кириллицада енгізсеңіз бағдарлама автоматты түрде енгізу терезесінде мәтінді латын графикасына аударады. Осындай тәртіппен керісінше жасау арқылы қолданушылар жаңа латын қаріпімен енгізуді үйрене, жаттықтыра алады.
Бұдан бөлек кездесулер қатысушыларға Мемлекеттік тілді дамыту қорының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасаған басқа да жобалары таныстырылды. Олардың арасында қазақ тілін тегін оқытатын «Soyle.kz» онлайн курсы, «Кім білгіш?» интеллектуалды-танымдық мобильдік ойыны, «Abaialemi.kz» онлайн энциклопедиясы, «Tattialma.kz» балалар әдебиет сайты, «Qazaqstan3D» веб-сайты және мобильді қосымшасы, «Жеті қазына», «Менің Казақстаным», «Ұлы тұлғалар», «Қазақстанның мерекелері» мобильді қосымшалары бар.
Кездесулер барысында қатысушылар арасында қазақ әліпбиінің кезеңмен латынға көшуінің басты қырлары жайында ауқымды пікір алмасу болды. Сонымен қатар жиынға келген жастар арасында «Латын әліпбиінде жылдам оқудан» байқау өткізілді. Үздік нәтиже көрсеткендерге естелік сыйлықтар табысталды.
Жиынды қорытындылаған Азат Шауеев, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы - қоғамның қуатты модернизациясы және уақыт өзгерістеріне төтеп беруге мүмкіндік беретін, ұлттық сана-сезімді өзгертетін ұлы реформа екенін атап өтті.