«Рухани жаңғыруды» жүзеге асыруға барлық құрылым қатысуы керек - Кәлетаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы: іске асыру нәтижелері мен даму болашағы» тақырыбында өңірлердің қатысуымен семинар-кеңес басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Рухани жаңғыруды» жүзеге асыруға барлық құрылым қатысуы керек - Кәлетаев

Қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған бұл жиынның ашылуына ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева, ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев, ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев және ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты. 

Семинар-кеңесті ашқан Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халықтың өткенін, бүгінін және болашағын байланыстыруға бағытталған ауқымды платформа екенін атап өтті. 

«Бұл бағдарлама барша халыққа арналған және онда қоғам өмірінің барлық саласы қамтылған. Сондықтан, бағдарламаға барша құрылымдардың белсенді қатысуын қамтамасыз етуіміз қажет», - деді Дархан Кәлетаев. 

Сондай-ақ, министр «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда әлеуметтік желілердің әлеуетін кеңінен пайдалану, Сарапшылар кеңесін тарту, креативті топтармен өзара іс-қимылды күшейту сынды бірқатар ұсыныс айтты. 

Семинар-кеңес жұмысы 29 қыркүйекке дейін жалғасады. Шара аясында «Туған жер», «100 жаңа есім», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Латын әліпбиіне көшу» және «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» тақырыптарында панельдік сессиялар өткізу жоспарланған.