«Рухы берік ел ертеңіне сенімді» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Тамыздың 13-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда тамыздың 13-і, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Қазақстан Республикасының Президенті - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өңірдегі жұмыс сапарын Талдықорған әскери гарнизонының құрамалары мен бөлімдерінде болудан бастады. Авиация базасының әуежайында Нұрсұлтан Әбішұлы құраманың авиациялық техникасымен, оның жауынгерлік мүмкіндіктерімен танысты», деп жазады «Егемен Қазақстан» бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Рухы берік ел ертеңіне сенімді» деген мақаласында. Басылымның жазуынша, Елбасы сондай-ақ Талдықорған шаһарында бой көтерген «Назарбаев зияткерлік мектебінде», Тіл сарайында, Достық үйінде болып, олардың тыныс-тіршілігімен де жете танысқан. Мақаланың толық нұсқасын басылымның жұма күнгі санынан егжей-тегжейлі оқи аласыздар.

Мемлекет басшысының Алматы облысына жасаған жұмыс сапары бүгін жарық көрген республикалық басылымдардың да назарынан тыс қалмады. Атап айтқанда, Елбасының жұмыс сапары жайында «Айқын», «Алаш айнасы», «Казахстанская правда», «Литер» сынды басылымдардан да егжей-тегжейлі оқи аласыздар.

«Егемен Қазақстан» газетінің баяндауынша, кеше Премьер-Министр, Директорлар кеңесінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басқармасының кеңейтілген отырысы болып өтті. Алқалы жиында сөз алған қор басқармасының төрағасы Қайрат Келімбетов Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасын жүзеге асырудағы ең белсенді кезеңнің 2009 жылға сәйкес келгенін тілге тиек еткен. Ағымдағы жылы қор жұмысында экономиканы қайта жаңғыртуға ықпал жасауға және қор компанияларындағы корпоративтік басқаруды жетілдіруге басымдықтар беріліп отыр. Бірінші бағыт бойынша үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасындағы жобаларды жүзеге асыруға маңызды рөл бөлінеді. Осылайша елді индустрияландыру картасы шеңберінде 43 миллиард АҚШ доллары тұратын жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Осы қаржының 22 миллиард доллары немесе 50 пайыздан астамы қордың үлесіне тиесілі. Индустрияландыру картасына қордың 53 жобасы еніп отыр. Олардың 35-і республикалық маңыздағы, 18-і өңірлік жобалар болып табылады. Жоғарыда аталған 53 жобаның 32-сін Қазақстанның Даму банкі арқылы жүзеге асыру көзделуде. Ал қалған 21-і "ҚазМұнайГаз", "Қазақстан темір жолы", КЕГОК, "Самұрық-Энерго" сияқты еншілес компаниялар арқылы жүзеге асырылатын болады.

«Тамыздың 11-інде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлер кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Қазақстанның ШЫҰ төрағалығы аясында ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілерін және ШЫҰ хатшылығы басшыларын қабылдады», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Қ. Саудабаев ШЫҰ ағымдағы қызметінің негізгі үйлестіруші механизмдерінің ерекше институты болып табылатынын атап өтіп, Ұлттық үйлестірушілер кеңесінің жұмысына жоғары баға берді. Сондай-ақ мүше мемлекеттер мен Ұйымның тұрақты қызмет ететін органдарына ұйым тарихында алғаш рет орын алып отырған 2010-2011 жылдарға арналған ШЫҰ іс-қимыл жоспары жөнінде қазақстандық бастамаларды қолдағандары үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар, мүше мемлекеттердің ортақ күш-жігері, Ұлттық үйлестірушілер кеңесінің үйлестірушілік рөлі және Хатшылық пен өңірлік антитеррорлық құрылымның қолдауымен ШЫҰ өзінің 10 жылдық мерейтойына арналған 2011 жылы Астанада өтетін саммитті жоғары әрі сапалы деңгейде өткізуге дайындықтың жүйелі қамтамасыз етілетініне сенім білдірді.

***

«Алаш айнасы» газетінің дәстүрлі «Дат!» айдарында медициа ғылымының докторы, ҚР Кардиологтар қауымдастығының президенті Спандияр Бекжігітовпен арадағы сұхбат «Әрбір азаматты дәрігерлік тексеруден өтуге міндеттейтін заң керек» деген тақырыппен басылған. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол «жүрек-қан тамырлары ауруларынан қайтыс болуды азайту үшін ең бірінші, халықтың әл-ауқатын көтеріп, олардың жүйке жүйесіне түсетін салмақты азайту қажет. Әрбір азаматты жыл сайын профилактикалық тексеруден өтуге міндеттейтін заң керек. Сондай-ақ әрдайым дәрігерлік шараларды жүргізу отырып, экологиялық мәселелерді дер кезінде шешкеніміз жөн. Барлық деңгейде штат құрылымдарын толық кардиолог мамандармен қамтамасыз етуге тиіспіз. Реабилитациялық орталықтар ашу керек. Сонымен қатар дәрі-дәрмектің бағасын қалыпқа келтіріп, медициналық сақтандыруды дамытуымыз қажет», депті.

«Соңғы кездері еліміздің түрмелеріндегі дүрбелең тыншымай тұр. Бірінің жаңғырығы басылмай жатып келесісі естіледі. Тіпті Ақтау түрмесіндегілердің тепкіні бірқатар Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басшыларын қызметінен кетірді. Түрлі алдын алу шараларының болып жатқанына қарамастан, қапастағы қарсылықтар ненің белгісі? Түрмедегі тәртіпсіздік ондағы адам төзгісіз жағдайдан туындап отыр ма әлде сотталғандардың өздеріне назар аударту мақсатында жасап жатқан әрекеттері ме?», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Осыған орай басылым аталған оқиғалардың астарына үңіліп, өз бағамдарын жасауға ұмтылған. Мақаламен кеңірек танысқының келсе, жұма күнгі сандағы «Түрмеден неге тыныштық қашты?» деген мақалаға назар аударыңыз.

***

«Кеше Ресей Әуе-қорғаныс күштерінің қолбасшысы Александр Зелин: «Абхазияда Ресейдің С-300 зениттік-зымырандық кешені орнатылды. Енді Абхазия аспанындағы жылт еткен нүктені де жойып жіберуге болады» деп мәлімдеме жасады. Бір айта кетер жайт, 2008 жылғы тамызда болған Грузия мен Оңтүстік Осетиядағы соғыстан кейін-ақ Ресей Абхазияға С-300 кешенін орнатқан», деп жазады «Айқын» газеті. Мақаланың толық нұсқасын басылымның бүгінгі нөміріндегі «Ресей шекарасын «қымтап» жатыр» деген мақаладан оқи аласыздар.

Ертең Панамадағы Роберто Дуран атындағы аренада Қазақстанның танымал кәсіпқой боксшысы Геннадий Головкин WBA тұжырымы бойынша уақытша әлем чемпионы атағы үшін айқасады. Бұл ақпаратты «Айқын» газеті таратып отыр. «72,6 келі салмақ дәрежесінде күш сынасып жүрген 28 жастағы жерлесіміз кәсіпқой рингке ауысқалы бері әлі бірде-бір рет жеңілген емес. Ол барлық қарсыласын айқын басымдылықпен ұтып, қандай да құрметке лайық екенін дәлелдей алды. Енді Геннадий уақытша әлем чемпионы атағы үшін таласқа түседі. Оның қарсыласы - 22 жастағы Колумбия боксшысы Милтон Нуньез. Ол 21 рет жекпе-жекке шығып, 19-ын өз пайдасына шешті. Бір рет ұтылып, бір бәсекені тең аяқтады», деп жазады басылым.

***

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Сот Төрағасы Мұсабек Әлімбековты қабылдады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті Президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. М.Әлімбеков Мемлекет басшысына республикадағы сот төрелігі жүйесінің жағдайы туралы баяндады. Атап айтқанда, азаматтық істер бойынша сот төрелігінің орнын толтыруды қалпына келтіру қағидатын іске асыру жайы қозғалды. Кездесу барысында сондай-ақ алдағы уақыттағы құқық саласындағы өзгерістер, Қазақстанның Жоғарғы Сотының Еуропа мен Азия елдерінің соттарымен өзара іс-қимылы туралы әңгіме болды.

Соңғы жаңалықтар