Румынияда COVID-19 пандемиясы кезінде қайтыс болғандар жерленген орын табылды
АСТАНА. KAZINFORM – Румынияның оңтүстігіндегі Слатина қаласының муниципалдық зиратынан коронавирус пандемиясы кезінде қайтыс болған ондаған адамның сүйегі мен денелері салынған қаптар табылды, деп хабарлайды News.ro.
Полиция адам қалдықтарының қайдан шыққанын және адамдардың өліміне қатысты мән-жайды анықтау үшін тексеру жүргізіп жатыр.
– Жүздеген адам сүйегі табылды. Тергеу комитеті оларды сараптамаға алу үшін тәркіледі. Алайда ең алаңдатарлығы – қазба жұмыстары кезінде COVID-19 пандемиясы кезінен бері сақталған, толық шіріп үлгермеген мәйіттер салынған қаптардың табылуы, – деді Слатина қаласының мэрі Марио де Меццо.
Оның айтуынша, адам қалдықтары «ерекше тәсілмен» жерленген. Бұл оқиғаның артында қылмыстық сипаттағы жағдай болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Де Меццо Румынияның Тергеу комитетін істі өте баяу тексеріп жатқаны үшін айыптады. Оның айтуынша, ол бұл жағдай туралы құқық қорғау органдарына алғаш рет 3 қыркүйекте хабарлаған. Алайда содан бері іс бойынша бірде-бір күдікті анықталмаған.
Айта кетейік, бұған дейін Газа секторында үш жыл бұрын қаза тапқан 55 адамның мәйіті табылғанын жаздық.