Румыния футбол федерациясының президенті: «Қазақстан да, Румыния да қиын топта жүріп тәжірибе жинайды»
«Біз үшін Ресейде өтетін Әлем чемпионатының іріктеу турнирі маңызды. Өйткені, Әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қатыспағанымызға 2018 жылы тура 20 жыл толады, - дейді Румыния футбол федерациясының басшысы.
Оның айтуынша, сол себепті Румыния үшін Әлем чемпионатына қатысу үлкен жетістік, ұлттық мақтаныш болмақ.
«Әр матчта құрамамыз тәжірибе жинайды. 2016 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде Польша футболшылары Германия құрамасымен бірінші орында келеді. Дания мен Португалия арасын турнир кестесінде небәрі екі ұпай бөліп тұр. Менің пікірім бойынша, Португалия еуропалық футболдың ең мықты күші саналады. Черногория, Армения және Қазақстан құрамалары да жақсы ойнап жүр. Сіздің елдің құрамасымен бір топқа түскенімізге қуаныштымыз. Өйткені, екі ел арасында өзара қарым-қатынас жақсы қалыптасқан. Қарым-қатынасты футбол арқылы да нығайта түсуге болады», деді ол.
«Румыния құрамасының соңғы жылдардағы жетістігін қалай түсіндіре аласыз?» деген сұраққа федерация президенті былай деп жауап береді: «Бұл оңай жұмыс болған жоқ. Төрт ай бұрын даму жолының стратегиялық жоспарын әзірлеу қажет деп шештік. Біздің елде алғаш рет футбол федерациясы 2015-2020 жылдарға арналған даму страгегиясын құрды. Өйткені, Румынияның 2020 жылы Еуропа чемпионатының бірнеше матчын қабылдау мүмкіндігі болады. Қазіргі уақытта біздің құраманың бас бапкері мен техникалық қызметкерлері үздік саналады. Сонымен қатар, ұлттық құраманың намысын қорғайтын жақсы футболшылардың уақыты келді. Осының арқасында ФИФА рейтингінде 42-ші орыннан 8-ші орынға көтерілдік. Әрі қарай да дами түсеміз деп үміттенеміз».
Еске сала кетейік, 2018 жылғы Әлем чемпионаты іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасы Румыния, Польша, Дания, Черногория және Армения құрамаларымен бір топқа түсті.