Румыния Қарағанды облысымен әріптестік орнатуға қызығушылық танытуда

Сыртқы істер министрі Теадор Мелешкану бастаған делегация құрамында Румынияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Чезар-Маноле Армяну және бірнеше румындық министрліктер жетекшілерінің орынбасарлары бар, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімінің ресми сайты.
- Біздің Мемлекет басшысының арқасында Қазақстан аумағында жүзден астам ұлт келісім мен бірлікте өмір сүріп жатыр, - деді кездесуде облыс әкімі Ерлан Қошанов. - Елімізде бірегей этносаралық институт - Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған. Біздің облыс төңірегінде 80-ге жуық этно-мәдени орталық жұмыс істейді. Румындықтардың «Дакия» мәдени -қоғамдық бірлестігі 2005 жылы құрылды. Қарағанды мемлекеттік университетінде румын тілі және әдебиеті кафедрасы ашылды.
Аймақ басшысы меймандарға Қарағанды облысы туралы айтып берді. Сонымен қатар білім, бизнес, өнеркәсіп салаларында әріптестік орнатуды
ұсынды.
Сыртқы істер министрі Теодор Мелешкану өз кезегінде румындық билік біздің өңірмен қоян-қолтық байланысты дамытуға қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.
- Бізде жан-жақты әріптестікті дамытуға қызығушылық бар, - деді Румыния СІМ. - Бірінші кезекте энергетика саласында. Бірақ біз сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, медицина, ақпараттық технологиялар, ғылым мен зерттеулер саласында әріптестікті кеңейтуді қалаймыз. Біздің Қазақстанға іссапарымыздан кейін қазан айында Румынияда партияаралық комиссияның отырысы өтеді. Бұл қазақстандық-румындық әріптестік жобаларды ұсынуға жақсы мүмкіндік береді.
Ал, румын делегациясының іссапары аясында Румыния сауда-өнеркәсіп палатасы мен «Атамекен» палатасы арасында екі жақты келісім жасалады. Сонымен қатар, Бухарест политехникалық университеті мен Қарағанды политехникалық университеті арасында әріптестік туралы келісімге қол қойылады.
Кездесу соңында Ерлан Қошанов басқарма басшыларына румын билік өкілдеріне осы жылдың күз айында Бухарестте өтетін партияаралық отырыста қаралатын әріптестік орнатуға қатысты мүмкіндіктерді қарастыруды тапсырды.
Қарағандыға іссапар кезінде румын делегациясының өкілдері Спассктегі мемориалдық кешенге де барды. Онда олар саяси қуғын-сүргін құрбаны болған отандастарының рухына тағзым етті. Сонымен қатар «Дакия» румын этно-мәдени бірлестігінің өкілдерімен кездесті.