Румыния Қазақстанда теміржол техникасы бөлшектерінің өндірісін қолға алады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Румыния Қазақстанда теміржол техникасы бөлшектерінің өндірісін қолға алады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Румыниядағы Елшісі Нұрбах Рүстемов ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елшінің айтуынша, биыл 26 қарашада Румынияның жаңадан сайланған Президенті Клаус Йоханниске сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өткен болатын. Оның барысында Президент Қазақстанмен екі жақты байланыстарды тереңдету жөнінде нақты қадамдар жасау қажеттігін атап өтті.
«Маған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза Қазақстан мен Румыния арасындағы ынтымақтастықты дамыту, саяси диалогты жандандыру, экономикалық және мәдени–гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге ықпал ету жөніндегі құрметті әрі жауапты миссия жүктеген болатын», - дейді Нұрбах Рүстемов СІМ-де өткен брифингте.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан мен Румыния арасында тауар айналымы жоғары деңгейде болып отыр.
«Румыния – Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы негізгі сауда серіктесі. Сауда айналымы 2019 жылдың 9 айында 1,337 млрд АҚШ доллары болды. Сауда айналымының негізгі құраушы – Қазақстаннан Румынияға шикі мұнай экспорты. Сонымен бірге, тауар айналымы құрылымын айтарлықтай әртараптандыру бойынша белсенді жұмыстар бастауды жоспарлап отырмыз», - дейді ол.
Сонымен қатар, елші Бухарест қаласының Сауда-өнеркәсіп палатасымен келіссөздер жасалғанын да айтты.
«Соның нәтижесінде Қазақстан аумағында машина жасау және темір жол саласы үшін қосалқы бөлшектер өндірісі саласында бірлескен кәсіпорындар құру туралы келісімге қол жеткізілді», - дейді Нұрбах Рүстемов.
Еске сала кетсек, бұған дейін Румынияда Алтын Орданың 750 жылдығы атап өтілетіні туралы жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, румыниялық фан-клуб мүшелері танымал әнші Димаш Құдайбергенді еліне шақырып отыр.