Румынияда Джордж Буштың поштасын бұзған хакер ұсталды
АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Румынияда 2013 жылы бірқатар саясаткерлер, шенеуніктер мен кәсіпкерлердің электронды поштасын бұзып кірген хакер тұтқынға алынды.
Румыния полицейлері хакердің атын атамай, тек аты-жөнінің басқы әріптерін ғана айтып отыр. Хакердің Guccifer есімді танымал хакер болуы мүмкін екенін баспасөзге аты-жөнін құпия қалдыруды өтінген прокурор мәлім етті.
Ресми деректерге сәйкес, хакерге румындық және басқа да танымал тұлғалардың «жеке мәліметіне қол сұқты» деген айып тағылған.
Ал осы елдің БАҚ-тары Guccifer деген лақап есімнің артында Марсел Лазар Лехел деген азамат тұр деп жазып жатыр. Ол 2012 жылы Джордж Буштың электронды поштасын бұзып, экс-президенттің жуынып жатқан кезінде түсірілген суретін жариялағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған болатын.