Румыниядағы Клуж-Напока шаһары Қарағандының бауырлас қаласы атанды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Румындық Трансильвания аймағының орталығы Клуж-Напока шаһары Қарағандының бауырлас қаласы болды. Ол туралы келісімге қарағандылық делегацияның Румынияға сапары барысында қол қойылды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми сайты .
Қарағанды қалалық мәслихатының төрағасы Құдайбарген Бексұлтанов пен қала әкімінің орынбасары Асылбек Молдабаев бастаған қарағандылық делегация 23-25 қарашада Клуж-Напока қаласында болып қайтты. Делегация мүшелері жергілікті муниципалдық және аймақтық билік өкілдерімен кездесті. Клуж-Напока қаласының мэрі Эмиль Бокпен жүздесу барысында екі қала басшысы өзара тиімді қарым-қатынасты дамытуға қызығушылық танытатынын жеткізді. Екі жақ сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы өзара қарым-қатынастың әлеуеті жоғары екенін талқылады. Әсіресе, Қарағандыда «Дачия» румындық мәдени қоғамының және Қарағанды университетінде Орталық Азиядағы жалғыз румын тілі және әдебиеті кафедрасының барын ескерген жөн.
Қарағандылықтар сонымен қатар Трансильванияның бизнес қауымдастығының өкілдерімен кездесіп, екі аймақта бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Делегацияны ақпараттық технологиялар саласындағы румындық компаниялардың жаңа зерттемелерімен таныстырды.
Кездесулер нәтижесінде қазақстан-румын серіктестігі тарихында алғаш рет Қарағанды мен Клуж-Напока қалалары арасында бауырластық туралы келісімге қол қойылды.
Сонымен қатар сапар аясында Қарағанды делегациясы Қазақстанның Құрметті консулдығының ашылу салтанатына және бірінші Қазақ киносы фестиваліне қатысты.