Руслан Әбдіразақов: «Қазақстан Барысындағы» басты қарсыласым - ағам Ұлан Рысқұл
АСТАНА. ҚазАҚпарат - Биылғы осымен жетінші мәрте жалауы желбірейтін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» турнирінде менің басты және ең қауіпты қарсыласым, өзімнің туған ағам - Ұлан Рысқұл. деп атап өтті Руслан Әбдіразақов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
29 мамыр күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында қазақ күресінен «Алматы барысы» турнирі өткен болатын. Онда Руслан Әбдіразақов «Алматы барысы» атанып, Астанада шілденің 2-сі күні өтетін финалдық додаға жолдаманы жеңіп алған болатын.
Бүгін Руслан ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беріп, жарысқа дайындығы және басты қарсыластары туралы айтып берді.
- Руслан, «Қазақстан барысына» дайындығыңыз қалай?
- Жаман емес. Дайындығым өте жақсы. Алматыдағы оқушылар сарайында бапкеріміз екеуміз аянбай тер төгіп жатырмыз. Ең бастысы, финалға дейін жаттығу барысында жарақат алып қалудан аман болсақ болғаны.
- Қателеспесем, «Қазақстан барысына» 2013 жылы ғана бір-ақ рет қатыса алмай қалдыңыз. Қалған жылдары үзбей қатысып келесіз. Өткен күндеріңізден қалған «әттеген-айларыңыз» бар ма?
- Әрине, бар. Финалға жетіп тұрып сүрінген сәтім болды. Финалға жетпей сүрінген сәтім болды. Бұның барлығының ар жағында бір «әттеген-ай» қалады. Бірақ, «бір сәтсіздік бір сабақ» демей ме? Биыл ондай өкініштерге жол бермеуге тырысатын боламын.
- Биылғы мақсатыңыз...
- Биыл тек бас жүлде үшін ғана күресемін.
- Басты қарсыластарыңыз туралы айтып өтсеңіз.
- «Қазақстан барысына» жалпы 34 балуан қатысады. Оның бірі - өзіммін. Қалған 33-інің барлығы - менің қарсыласым. Оның ішінде осалдары болмайды. Өткенде бір әріптестерім «біз тек саған дайындалып жатырмыз» деп қалды. Сонда олардың да басты қарсыластары мен сияқтымын. Өзге балуандар мен үшін дайындалып жатса, мен сол балуандар үшін дайындалып жатырмын.
- Соның ішінде өзіңіз кімнен қауіптенесіз?
- Тек, ағам Ұланнан.
- Егер финалға дейін, не финалда жолығып қалсаңыздар не істейсіз?
- Мені осы сұрақ қатты ойландырып жүр. Қазір Алладан жатсам да, тұрсам да ағамды финалға дейін жолықтырмаса екен деп тілеймін. Жолықтырса, тек финалда кездестірсе екен деймін.
- 2010 жылы алғашқы турнирде ағаңызға жол бергеніңізді жұрт жақсы біледі. Биыл да жолығып қалдыңыз делік, тағы да жол бересіз бе?
- Иә, ол жылы жол бергенім рас. Шыны керек, ол кезде Ұлан маған қарағанда бабында болды. Оның үстіне, қазақы тәрбие алып өскендіктен, ағамның жолы үлкен екенін түсіндім. Сондықтан, оған жолымды бердім. Бапкерлерім де осындай шешімге келді. Бағына қарай, сол турнирде ағам «тұңғыш «Қазақстан барысы» деген атқа қол жеткізді. Енді, биыл тағы да жолымыз түйісіп жатса не істейтінімізді білмеймін. Оның үстіне мен Алматы қаласының атынан сынға түссем, ол Алматы облысының намысын қорғайды. Бұйыртқанын көреміз. Финалда жолығып жатсақ, менің өз тұсында жасаған інілік құрметімді бұл жолы ағалық ізетімен қайтаратын шығар деп ойлап қоямын (күлді).
- Осыған дейін екеуіңізде Қызылорда облысының намысын қорғап келдіңіздер, неге биыл біріңіз Алматы қаласына, екіншіңіз Алматы облысына ауысып кеттіңіздер?
- Сыр өңірі қашанда біз үшін ыстық. Талай тұлғаларды, талай чемпиондарды тудырған өңір. Біз спортта үлкен жетістіктерге осы өңірде жүріп қол жеткіздік. Алайда ағам екеуіміз Алматы облысының тумаларымыз. Қазір Сыр өңірінде мықты-мықты балуандар өсіп келеді. Сол жас балуандардың жолын бөгемей, оларға да мүмкіндік берейік деген оймен бұрынғы туған өлкеміздің туының астына қайта оралдық.
- Әңгімеңізге рахмет! Тек сәттілік жолдас болсын.