Руслан Берденов ісі: Прокурор айыпкерге 11 жыл 3 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұрады

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша сотта тараптардың жарыссөзі басталды.

Прокурор потребовал для подсудимого Жиембая 11 лет и 3 месяца лишения свободы
Фото: Kazinform

Алғаш болып сөз алған мемлекеттік айыптаушы Бауыржан Қараманов оқиғаның мән-жайына тоқталып, сотталушы Ернар Жиембайдың кінәсі куәгерлердің айғақтары және өзге де дәлелдермен толық дәлелденгенін айтты.

Прокурордың мәлімдеуінше, жәбірленушіге қасақана оқ атқан Жиембайдың әрекеті ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлігі және 99-бабының 1-бөлігімен дұрыс сараланған. Ол қызметтік кикілжіңнен туындаған өшпенділікпен Берденовке қарай бес рет оқ атқан. Дегенмен, қылмыстық әрекетін соңына дейін жүзеге асыра алмаған.

Айыптаушының айтуынша, Жиембайдың әрекетін жеңілдететін мән-жай ретінде оның кәмелетке толмаған балаларының болуы ескеріліп отыр. Ал ауырлататын мән-жай – қылмысты масаң күйде жасағаны. Медициналық сараптама қорытындысы да сотталушының жеңіл дәрежеде мас болғанын көрсеткен.

– ҚР ҚК 99 бабының 1 бөлігіне сәйкес, адамды қасақана өлтіру қылмыстық әрекеті үшін 8-15 жылға дейін мерзімде бас бостандығынан ауыру жазасы көзделген. Алайда Жиембайдың жасаған қылмысы қасақана өлтіруге оқталу деп айып тағылып отыр. Яғни, ҚР ҚК 24 бабының 3 бөлігі арқылы. Ал, ҚР ҚК 56 бабының 3 бөлігіне сәйкес қылмысқа оқталғаны үшiн жазаның мерзiмiн немесе мөлшерiн осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің тиiстi бабында аяқталған қылмыс үшiн көзделген жазаның негізгі түрiнің ең жоғары мерзiмiнiң немесе мөлшерiнiң төрттен үшінен асыруға болмайды. Сотталушы Жиембайға тағылған айып бойынша осы жазаның ең көп мөлшері 15 жыл болғандықтан, оның төрттен үш бөлігі 11 жыл 3 айды құрайды. Жоғарыдағыларды ескере отырып, сотталушы Жиембайды, аса ауыр қылмыс жасаған, яғни адамды өлтіруге қасақана оқталғаны сотта өз дәлелін тапты деп есептеп, сотталушы Жиембайды ҚР ҚК 24 бабының 3 бөлігі, 94 бабының 1 бөлігімен кінәлі деп танып, осы баппен оған 11 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын, – деді прокурор.

Сонымен бірге айыптаушы Жиембайдан жәбірленушілерге 30 АЕК (118 890 теңге) өндіруді сұрады.

Айта кетейік, бұдан бұрын Руслан Берденовке жасалған қастандық туралы іс сотқа жолданғанын жазған болатынбыз.

21 сәуірде Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалғаны мәлім болған. Ол жарақат алып, ауруханаға түсті.

Руслан Берденов ақпан айының соңында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған.

 

Соңғы жаңалықтар