Руслан Берденовке жасалған қарулы шабуыл: Қылмыстық іс екі бап бойынша қозғалды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Күдікті 15 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Шымкент қалалық полиция департаментінің мәліметінше, тергеу Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша жүргізіліп жатыр.
— ҚК 24-бабы 3-бөлігі — Қылмыс жасауға тура бағытталған, тікелей пиғылмен жасалған әрекеттер (әрекетсiздiк), егер бұл ретте қылмыс адамға байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейiн жеткiзiлмеген болса, қылмысқа оқталу деп танылады.
— ҚК 99-бабы 2-бөлігі 6-тармағы — басқа адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған кісі өлтіруге оқталу.
Аталған қылмыстар үшін 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жаза мүлікті тәркілеумен немесе онсыз, соттың шешімі бойынша тағайындалады.
Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалан болатын. Күдікті шенеунікке қарай үш рет оқ атқан. Оқиға салдарынан әкімдік қызметкері жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Ал, дәрігерлер Руслан Берденовтың өміріне қауіп төніп тұрмағанын айтты. Жасалған ота да сәтті өтті.