Руслан Берденовтің қызметтік міндетін уақытша кім атқарады
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Қарулы шабуылдан жарақат алған Шымкент қаласының әкімі орынбасарының қызметтік міндеті Қуаныш Асыловқа жүктелді.

Қала әкімінің орынбасары Руслан Берденов Шымкенттегі құрылыс, сәулет, жер қатынастары және қала құрылысы секілді негізгі салаларға жетекшілік етті. Әзірге бұл бағыттар 2023 жылдың қаңтарында әкімнің бірінші орынбасары болып тағайындалған Қуаныш Асыловтың бақылауында болады.
Ол бұған дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде мемлекеттік инспектор болып қызмет атқарған.
Айта кетейік, Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалған болатын. Күдікті шенеунікке қарай үш рет оқ атқан. Оқиға салдарынан әкімдік қызметкері жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Ал, дәрігерлер Руслан Берденовтің өміріне қауіп төніп тұрмағанын айтты. Жасалған ота да сәтті өтті.
Ал, Сәрсен Құранбек Шымкент әкімі орынбасарына жасалған шабуылға қатысты мәліметтерді тергеу нақтылайтынын айтты.