Руслан Дәленов Ұлттық экономика министрлігінің жаңа міндеттерін атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов өзі басқарып отырған ведомство қандай мақсаттарды орындайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Экономиканың және әл-ауқаттың сапалы өсімі - бұл біздің нақты мақсатымыз, ол үшін бізде барлық тетіктер бар», - деп тоқталды Р. Дәленов Үкімет отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында.

Сонымен қатар министр өңірлерде жүргізілетін мәселелерге айрықша мән берілетінін атап өтті.

«Бүгінде жергілікті жерлерде халықтың суға, инфрақұрылымға, білімге, денсаулық сақтау және басқа да салаларға сапалы қолжетімдігін қамтамасыз үшін стандарттарды енгізу керек. Біз осы жұмыстармен айналысамыз», -деді Ербол Дәленов.

Бұдан бөлек ведомство басшысы бюджеттің кіріс бөлігі бойынша пікір білдірді.

«Бұл тұрғыда Салық кодексіне өзгерістер бойынша жұмыстарды іске асырамыз. Осы орайда «көлеңкелі» экономика деңгейін төмендетуге тырысамыз. Атап айтқанда, еңбекақы төлеу қорын көлеңкеден шығару үшін ынталандырушы тетіктерді енгіземіз. Сонымен қатар, әр теңге тиімді жұмсалуы үшін стратегиялық жоспарлауды бюджетпен ұштастырамыз», - деді министр.

Мұнымен қоса ол шағын және орта бизнесті дамыту бағытына да тоқталды.

«Бизнестің жол картасы бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Бағдарлама аясында экспортты қолдау бойынша 500 млрд теңге бар. Сондай-ақ қайта өңдеу секторын қолдау үшін 600 млрд теңге ескерілген. Бұл тұрғыда қаржыны экономикаға тез әрі тиімді өткізу үшін жұмысты үйлестіреміз», - деді министр.

Руслан Дәленов экономикалық өсім арқасында әл-ауқаттың артуын халық сезінуі үшін министрлік барлық күш-жігерін салатынын айтты.

«Биыл экономикалық өсімді қамтамасыз етеміз. Ағымдағы жылы саланың дамуы көрсеткіштерін байқайтын боласыздар», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар