Руслан Мырсатаев «Астана арландарынан» кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бокстан аса ауыр салмақта өнер көрсететін Руслан Мырсатаев «Астана арландары» клубының қатарынан кетті. Бұл туралы «Алаш айнасы» интернет-порталының тілшісіне Дүниежүзілік бокс сериясында елорданың намысын қорғайтын ұжымның бас бапкері Марат Жақиев айтты.

Руслан Мырсатаев «Астана арландарынан» кетті

«Жарақатына байланысты Руслан команда сапынан кетті. Енді денсаулығын түзеу үшін ем-дом қабылдайды. Егер, денсаулығы дұрысталатын болса, команда қатарына қайта қосылуы мүмкін. Мырсатаев кеткеннен соң ұжым қатарында ауыр салмақта бір ғана боксшы қалды. Ол - Филипп Хргович. Әзірше хорват легионері өзіне артылған сенімді ақтап жүр. Барлық кездесуінде жеңіске жетті.

Бірақ, оның бір өзі маусым соңына дейін шыдамайтыны анық. Сондықтан да ел ішінен ауыр салмақта жұдырықтасып жүрген жігіттерді тартуды қарастырып жатырмыз. «Арландардың» алдағы жекпе-жегіне Иван Дычконы шақырамыз. Одан бөлек, Нұржан Бекзатов пен Қамшыбек Қоңқабаев бар. Алайда, бұл боксшылардың барлығын командаға шақыруға клубтың бюджеті жетпейді. Сол үшін ол жігіттерді бір-бірден шақырамыз», - дейді Марат Жақиев.

Айта кетейік, аса ауыр салмақта өнер көрсететін Руслан Мырсатев Дүниежүзілік бокс сериясында өнер көрсететін «Астана арландары» клубының бірінші маусымынан бастап өнер көрсеткен еді. Боксшы клубпен бірге WSB жобасында бір рет чемпион атанып, күміс және қола жүлделерін де жеңіп алды. Одан бөлек, Руслан 2008 жылы Қытайдың бас шаһары - Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын қорғаған.