Руслан Желдібай Президенттің Әзербайжанға жасаған ресми сапарына қатысты пікір білдірді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Мемлекет басшысының Әзербайжан Республикасына ресми сапарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Бүгін Мемлекет басшысының Әзербайжан Республикасына ресми сапары сәтті өтті деп толық сеніммен айтуға болады. Екі жақты келіссөздер нәтижесінде 10 құжатқа қол қойылды.

Ең алдымен, өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда айналымы 3 есеге артқанын атап өткен жөн. Биыл да сауда-саттық саласында осы деңгейдегі өсім бар. Десе де бұл бағытта біраз жұмыс атқарылуы тиіс.

Қазақстан мен Әзербайжан Еуразияның негізгі транзитік дәлізі саналады. Сондықтан көлік-транзит, логистика саласында біраз келісімге қол жеткізілді. Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін арттыру үшін ортақ кешенді шаралар қабылданатын болды. Теңіз порттарымыз арасындағы кооперацияны тереңдету мәселесі де талқыланды.

Еліміз бауырлас мемлекетке ауыл шаруашылық өнімдері экспортын арттыра алады. Қазақстандық өндіруші компаниялар Әзербайжанға жалпы сомасы 300 миллион доллардан асатын 100 түрлі тауар көлемін ұлғайтуға дайын.

Әзербайжан тарапы Сумгаит қаласындағы көшелердің біріне ұлт ұстазы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының есімін берді», - деді Руслан Желдібай желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, Әзербайжан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Жарғысы мен қарарларына сәйкес, территориялық тұтастығын қалпына келтірген.

«Осы бағытта қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге шығару үшін Президент Физули қаласында балаларға арналған Құрманғазы атындағы шығармашылықты дамыту орталығын салу туралы шешім қабылдады. Бұл – қазақ халқының атынан сыйлық.

Жоғарыда аталған келісімдердің негізінде Қазақстан мен Әзербайжан арасында Стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық ынтымақтастықты тереңдету туралы декларацияға қол қойылды. Бұл - бауырлас екі ел арасындағы байланысты бекем ететін іргелі құжат», - деп толықтырды баспасөз хатшысы.

Айта кейтейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару үшін арнайы миссиямен келгенін айтты. Қазақстан Президенті екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

«Кейінгі жылдары тауар айналымының айтарлықтай, үш есеге жуық өскеніне қуаныштымын. Бірақ бұл, әрине, жайбарақат жүруге негіз емес екенін атап өткім келеді. Сауданы арттыруға мүмкіндіктер бар деп есептеймін. Біздің үкіметтеріміз жақын арада елдеріміз арасындағы тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін ұлғайту үшін жұмыс істеуі керек», – деді Мемлекет басшысы.


Фото: akorda.kz





Соңғы жаңалықтар