Рүстем Әбдірәштің «Сталинге сыйлық» фильмі Американы бағындыруда

НЬЮ-ЙОРК. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Әлия Алтынғазина/ - Ресейлік Павел Финнің сценарийі бойынша түсірілген қазақстандық дарынды режиссер Рүстем Әбдірәштің «Сталинге сыйлық» фильмі Нью-Йоркте өткен еврей фильмдерінің 18-ші фестивалінде американдық көрермендердің ыстық ықыласына бөленді,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Фильмді «Алдангар продакшн» кинокомпаниясы Израиль, Ресей және Польша елдеріндегі серіктестердің қолдауымен түсірген. Бас продюсер - Борис Шырдабаев. Нью-Йорк көрермендеріне фильмді тең продюсер Әлия Уәлжанова, жазушы Давид Маркиш және актриса Екатерина Редниковалар таныстырды. Фильмнің тең продюсері Нью-Йорк кинофестивалінің ұйымдастырушыларына, Қазақстан елшілігіне және Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігіне алғысын білдіріп отыр. «Фильм түспей қалатындай мыңдаған себептер болды. Сондықтан да Павел Финнің сценарийіне және осы фильмнің арқасында жұртқа танылып отырған режиссер Рүстем Әбдірәшқа сенген продюсер Борис Шырдабаевқа көп алғыс. Барлығы Қазақстанның игілі мен оның бірегей мәдениеті үшін жасалуда», дейді Ә.Уәлжанова ханым. Фильмнің басты кейіпкері Саша есімді еврей баласының тағдыры баланың есейген кездегі рөлін сомдаған жазушы Давид Маркиштің тағдырымен үндесіп жатыр. 13 жасында оның әкесі қуғынға ұшыраған, ал анасы екеуі Қармақшы елді мекеніне жер аударылған. «Қазақстанға келгеннен кейін бостандықтың не екенін сезіндім. Қазақстанда даланың өзі ? азаттықтың символы. Қазақтар - дала адамдары, азат адамдар. Қазақстанға мен ризамын және қазақтарды түсінемін, оларды жақсы көремін», - дейді жазушы. Америка көрермендерінің пікірінше, фильм ұлттық мәселеден жоғары тұрған туынды, ол этнографиялық ұлттық мәдениеттен де жоғары және оның гуманистік маңызы зор.
Соңғы жаңалықтар