Рымғали Нұрғали - жаңа замандағы ренессанстық тұлға - М. Құл-Мұхаммед
Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Рымғали Нұрғалидың туғанына 70 жыл толуына арналған «Рымғали Нұрғали мұрасы және қазіргі әдебиет пен тіл ғылымының көкейкесті мәселелері» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Рымғали Нұрали - жаңа замандағы ренессанстық тұлға. Осы Еуразия ұлттық университеті атын иемденген Гумилев бір адамның суырылып алға шықан үрдісін «пассионарлық» деп атаған. Ол адам қоғамның үлкен интеллектуалдық күштерін өзімен бірге ертіп әкетеді. Оның артынан өркениеттің дүмпуі орын алады. Егер біз ежелгі Мысырдың, я болмаса, көне Қытайдың тарихын алып қарасақ, ондай қоғамдық құбылыстарды көптеп көре аламыз. Мысалы, Эсхилдың, Еврипидтің, Софоклдың трагедиялары бүкіл драмматургияны, оның ішінде трагедия жанрын адам баласы бұрын-соңды білмеген биігіне көтерді. Әлі күнге дейін олардың шығармалары әлемнің ең үздік театрларында адамзат ақыл-ойының асыл қазынасы ретінде қойылып жүр. Міне, сол сияқты қазақтың ақыл-ойында осындай үлкен қозғалысты жасаған ұлы Абай болды. Сол Абайдың туған топырағында Рымғали Нұрғали дүниеге келген. Оның феноменін және ренессанстық тұлға ретіндегі құпиясын осы топырақтан іздеу қажет», - деді М. Құл-Мұхаммед.