Рыспаевтың төбелестері - 2015 жылғы ҚХЛ ойындарындағы басты «ұрыстардың» бірі болды (ВИДЕО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейлік Championat.com сайты 2015 жылғы Құрлықтық хоккей лигасындағы үздік төбелестерді еске түсірді, олардың арасында «Барыстың» тафғайы Дамир Рыспаев та бар.
«2015 жылғы ҚХЛ ойындарында тыныштықты басты бұзушы «Барыстың» тафгайы Дамир Рыспаев болды, ол көптеген сайыстарды ойдағыдай өткізді. Бірақ та оның мінез-құлқы және ұрыс тәсілі бәріне бірдей жақпайды, бірақ ол батылдығы жағынан ешкімге есе жібермейді.
«Тафгай» деген сөзді қазақтың жалпақ тіліне салсақ, «төбелес бастаушы» дегенге келеді. 2015 жылғы ұрыста Санкт-Петербургте СКА мен «Барыс» арасындағы матч кезінде Дамир Рыспаев пен Евгений Артюхин ұстасып қалды. Артюхин жас хоккейшіні бірнеше рет салып жіберді, бірақ Дамир де қарап тұрған жоқ, жақсылап тұрып, бір жұдырықты қондырды. Көрермендер де риза болды. Екеуі де зардап шеккен жоқ.
Дамир Рыспаев өз командасы 0:3 есебімен ұтылған кезінде Виталий Меньшиковпен жағаласып, оның қасын жарып жіберді. Рыспаев дулығасымен шыққан болатын, ал Меньншиковтің дулығасы басынан ұшып кетті. Баспасөз мәслихатында Андрей Назаров бұған қатысты «ұрыста тұрыс жоқ деген, ал дулығаға қатысты айтар болсам, кім оны жақсылап бекітсе, сол ұтары сөзсіз», деп жаймалады.
Енді бірде Рыспаев Перковичті мұзға сұлатты. «Барыстың» тафгайы Дамир Рыспаев Натан Перковичті дуэльге шақырып, ақыры соңында «Медвешчак» форвардын мұзға сұлатты. Рыспаев 2015 жылы Перковичпен екі рет жұлқысты, алайда екіншісінде төбелесті бастаған Дамир болатын, ал қарсыласының оған құлқы болмаған еді», деп жазады сайт.