«РЗА» кәсіпорнына тұтынушылар риза - Қызылорда облысы
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі «РЗА» АҚ-да кәсіпорынның өткен жылы қол жеткізген жетістіктері және оның алдағы уақыттағы дамуы туралы еңбек ұжымымен кездесуі өткізілді. Бұл туралы аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Жүздесуде сөз алған «РЗА» АҚ-ның президенті Самұрат Имандосов кәсіпорынның өткен жылы қол жеткізген жетістігі және алда тұрған мақсаттарын нақтылап көрсетіп берді.
«РЗА» АҚ өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің сапа жөніндегі «Алтын сапа» жүлдесіне қол жеткізіп, «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясында үздік деп танылған.
2000 жылы өз жұмысын бастаған кәсіпорын аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеруге зор үлесін қосып, аудан бойынша 1200-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып келеді.
Қазақтанның үдемелі-индустриялық даму бағдарламасын белсенді іске асырушы ретінде 2010 жылы ірі инвестициялық жобаны қолға алған кәсіпорында, экспортқа бағытталған сүт және ет өнімдерін өндіру бойынша типтік жобадағы тауарлы сүт фермасы және ауысымына 30 тонна сүт өңдейтін сүт зауыты салынды. Венгриядан 660 бас голштинофриз асыл тұқымды қашарлары әкелініп, қазіргі таңда олардың саны 1600 басқа жетті. Әрбір сауын сиырдан 8000 литр сүт сауылып, жылына 5 500 тонна сүт өндірілуде.
Сонымен қатар, еуропаның озық технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған зауытта пастерленген және ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сары май, құрт өнімдері шығарылады. Сүт өнімдері Қызылорда облысының аумағымен бірге Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында сатылуда.
Сондай-ақ, кәсіпорын дәнді дақылдар мен мал азығы дақылдарын егу және өткізу мақсатында 35 мың гектарға жуық жер учаскесін иемдіп, жылына 1 млрд тенге көлемінде өнім өндірсе, оның ішінде 5 мың тонна ақталған жоғары сапалы күріш - Ресей, Украина, Белоруссия, Тәжікстан, Түркіменстан мемлекеттеріне экспортқа жіберіледі. Ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіруде қуаттылығы жоғары, бір уақытта барлық техникалық қызметтерді жоғары әрі сапалы деңгейде жасайтын Германиядан шығарылған «Джон Дир» фирмасының техникаларын пайдаланады.
Бұған қоса ақционерлік қоғам еуропалық стандартқа сай құрылғылармен жабдықталған нан, кондитерлік және ет өнімдерін өндірумен айналысады.
Негізінен «Рза» акционерлік қоғамы көп салалы кәсіпорын. Кәсіпорынның тағы бір қызмет түрі - құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу, оның ішінде мелиоративтік құрылыс, тұрғын үй құрылысы, магистралдық су құбырларын жүргізу. Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2003 жылдан бері аймақтың Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарында құрылыс жұмыстарын атқарып келеді.
Жиын соңында Самұрат Имандосов өз ұжымын және барша қазақстандықтарды 2015 жылғы 26 сәуірде өтетін Қазақстан Республикасы Президентін сайлауға қатысуға шақырды.
«Әлемді жайлаған халықаралық экономикалық тұрақсыздық Қазақстанды да айналып өтпеді. Осы орайда, дер кезінде жарияланған «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауы - халқымыздың әл-ауқаты мен даму қарқынын сақтап қана қоймай, еселей түсуге септігін тигізетін маңызды құжат. Мемлекетіміздің даму бағытын айқындап берген бағдарламаның арқасында еліміздің инфрақұрылымына қан жүгіріп, өңірлердің тынысы кеңейді. Бизнес-қауымдастыққа қамқорлық жасалып, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық пен құрылыс саласында тың жұмыстар атқарылуда. Жүздеген өндіріс ошақтары іске қосылып, мыңдаған азаматтарымыз тұрақты жұмыспен қамтылып жатыр. Осының барлығы - мемлекетіміз ұстанған игі бастамалардың жемісі.
Біз, Қызылорда өңіріндегі ірі кәсіпорынның ұжымы - ел экономикасын ілгерілетіп, мемлекетімізді дамытуға атсалысу әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы деп білеміз. Осы мақсатта отандастарымызды Қазақстан Республикасы Президентін сайлауға белсене қатысуға шақырамыз»,- деді ол.