С. Абдрахманов: БАҚ-тың сайлау қарсаңында этикаға қатысты Хартия қабылдауы - дұрыс бастама
АСТАНА. ҚазАқпарат - БАҚ-тың сайлау қарсаңында этикалық нормаларды сақтауға қатысты Хартия қабылдауы - дұрыс бастама. «Егемен Қазақстан газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов осындай пікір білдірді.
Бүгін Астанада бірқатар БАҚ басшылары 2016 жылдың 20 наурызында өтетін ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихат депутаттарының сайлау науқанын ақпараттандыру барысында этикалық нормаларды сақтау туралы Хартияға қол қойған болатын.
«Парламент сайлауының мән-маңызы қай қоғам, қай заман үшін де ерекше рөл атқаратыны түсінікті. Бұл ерекше маңызды саяси науқан. Ендеше, еліміздегі басты саяси науқанның қарсаңында «Бас редакторлар клубы» қалыптасқан дәстүр бойынша Хартия дайындағаны құптарлық. Бұл, қай жағынан алғанда, дұрыс бастама», - деді С. Абдрахманов.
Оның айтуынша, Хартия жаңадан туындаған дүние емес, оның негізгі идеясы бұрыннан бар. Еліміздегі бірнеше сайлауларда, саяси науқан барысында тыныш, қалыпты жағдай орнығуына, сайлаудың әділ, объективті, алалаусыз өтуіне бұқаралық ақпарат құралдары өз үлесін қосып келе жатыр.
«Биылғы сайлау да осы қалыппен жүретініне сенеміз. Сондықтан да, Хартияны толық қолдаймыз», - деді С. Абдрахманов.