С. Ахметов әкімдерге «Қолжетімді баспана- 2020» бағдарламасын тыңғылықты орындауды тапсырды
АСТАНА. 14 мамыр. ҚазАқпарат - Баспана құрылысына бөлінген қаржыны игермей отырған өңірлерден қаражат игеруге қауқарлы аймақтарға қайта бөлінеді.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Серік Ахметов мәлім етті.
«Баспанаға деген сұраныс барлық өңірде бар. Әсіресе, қалаларда қанша адам кезекте тұрғанын жақсы білеміз, сонымен қатар баспанаға зәру қаншама адам бар. Ол үшін тоғыз бағыт бойынша бағдарлама әзірленіп, оның атына заты сай боуы үшін «Қолжетімді баспана» деп аталды. Осы бағдарламада қарастырылған тетіктерден бөлек, өңір басшыларымен бұл бағдарламаны қосымша қаржыландырудың тетіктері пайда болады деп келіскен едік. Бүгінгі талқылау бірқатар өңірлерде бағдарламаның осы бағыттарындағы әкімшілерімен өзара іс-қимылда проблемалар бар екендігін тағы көрсетіп отыр»,-деп тоқталды Үкімет басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, бұл тұрғыдағы мәселелер қажетті құжаттарды ұсыну, базаны даярлауға, жер телімін бөлуге қатысты. Бұның барлығы өңір басшыларына жүктелген іс болып табылады.
«Көбі жергілікті атқару биліге байланысты. Яғни, бұл бағдарламаны жүзеге асыруға олардың қаншалықты даяр болуына және ниетіне қатысты. Атап айтқанда, бірінші кезекте облыстар мен Алматы, Астана әкімдерінің назарын бағдарламаның 2013 жылда және одан кейінгі жылдарда сөзсіз орындалуына аударамын»,-деп тапсырды С. Ахметов.
Премьер-Министр бірінші жартыжылдықтың нәтижесі бойынша ҚР Өңірлік даму министрлігіне құрылыс мәселелеріне байланысты тиісті ақпаратты даярлауды жүктеді. «Қаржы игерілмей отырған өңірлерден игеруге қауқарлы аймақтарға қайта бөлінеді. Ал әкімдер қажетті баспананың пайдалануға берілуін қамтамасыз етпегені үшін халық алдында жауап береді»,-деп қадай айтты Үкімет басшысы.