18:15, 29 Мамыр 2009 | GMT +5
С.Ахметов елдің өнеркәсіпшілерін индустрияландыру бағдарламасының барлық басым бағыттары бойынша күшті және осал тұстарын көрсетуге шақырды
ӨСКЕМЕН. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - «Біз экономикамызды ойдағыдай индустрияландыру үшін не жетпейтінін, не істеуіміз қажет екенін бірге ойластыруға тиіспіз», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Ахметов бүгін Өскеменде ашылған өнеркәсіпшілердің республикалық форумын сөйлеген сөзінде,
- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. С.Ахметов әлемдік экономика дағдарыс салдарынан жаһандық өзгерістерге ұшырап отырған шақта ұлттық экономиканы әртараптандыру және инновациялық индустрияландыру мәселелері өте өзекті екенін атап өтті. Ел үкіметі республикадағы бұл үдерістер жеңіл өтуіне бағытталған бірқатар дағдарысқа қарсы бағдарламалар қабылдады. Ең алдымен өндіріс саласында кәсіпкерлікті қолдау жөнінде мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Осындай бағыттардың бірі - өндіріс саласында қазақстандық үлесті күшейту шаралары. Өнеркәсіпшілер алдында сөз сөйлеген Индустрия және сауда, Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрлері Алмаз Қосынов пен Әсет Мағауов жүйелі шаралар ауқымында бірқатар құқықтық актілер қабылданғанын еске салды. Атап айтқанда мемлекеттік сатып алулар туралы жаңа заңда отандық кәсіпорындар ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдардың тапсырыстарына басымдық құқыққа ие болды, бұл тұтыну сұраныстары жаһандық деңгейде төмендеп отырған кезде өндіріс қарқынын қолдауға мүмкіндік береді. «Шетелдік компаниялардағы мемлекеттік сатып алулар алдымен тек қана қазақстандық кәсіпорындар арасында өткізіледі, олардың міндетті түрде қатыстырылуына жауапкершілік енгізілді», - деді С.Ахметов. Форумда сондай-ақ Индустрия және сауда, Энергетика және минералдық ресурстар, Қаржы министрліктерінің, жергілікті және орталық атқарушы органдардың функциялары, «Самұрық-Қазына» қорының жауапкершілігі белгіленгені туралы хабарланды. Бұл жұмыстардың барлығы отандық өндірушілер мен ішкі нарықтың мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған мониторингінің, реттеу мен бақылаудың тұтастай жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Қазір Парламентке Әкімшілік кодексіне және жер қойнауын пайдаланушылар туралы заңға өзгертулер мен толықтырулар жобасы берілді. Қазақстандық үлесті арттыру тұрақты ұлттық экономикаға кепіл болады.С.Ахметов қазақстандық өндірушілерге қаратып айтқан сөзінде «біз сіздерден елді индустрияландырудың барлық басым бағыттары бойынша күшті және осал тұстарын анықтауға нақты ұсыныстар күтеміз», - деді.