С. Ахметов ІІМ-нің ғылыми-техникалық жарақтандырылуымен танысты

ІІМ-нің саптық алаңында Үкімет басшысына инженерлік-саперлік кешен, байланыс кешені, Жедел жоспарлау орталығының сыртқа шығарылған жұмыс орны, мобильдік жылдамдық өлшеуіштері, сондай-ақ борттық компьютері бар автопатруль таныстырылды. Сонымен бірге С. Ахметов жылжымалы криминалистикалық зертхана жұмысымен танысып, қылмыс жасалған орынды тексеруге арналған жорықтық шатырды көрді. Сондай-ақ, жедел-криминалистикалық қызметтің геномдық және физика-химиялық зертханасымен, дактилоскопиялық есепке алу және фотосуреттер бойынша есепке алу кабинеттерімен, баллистикалық және трассологиялық зертханалармен, криминалистикалық полигонмен танысты.
2012 жылы криминалистикалық қызметті жүзеге асыру бойынша полиция құзыреті кеңейтілгені мәлім. Ішкі істер органдарының криминалисттері салыстыра тексеру зерттеулерін өндіру құқығына заңнамалық түрде иеленген, олар заттай дәлелдемелер тізбесіне енгізілген қорытындылар бере алады. Бұл ІІМ-ге алдына ала тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларын техникалық-криминалистикалық қамтамасыз ету деңгейін және тиімділігін арттыру бойынша жаңа міндеттер қояды.
Сонымен бірге ІІМ-де аумақтық бөліністердің криминалистерін оқыту және біліктілігін арттыру үшін база құрылды.