С. Ахметов «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына ауылдық жерлерді дамытуға арналған жеке бөлімді қосуды тапсырды
АСТАНА 4 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін селекторлық тәртіптегі Үкімет отырысында Премьер-Министр Серік Ахметов «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына ауылдық жерлерді дамытуға арналған жеке бөлімді қосуды тапсырды.
«Ауылдағы инфрақұрылымды дамытуға байланысты бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Осыған байланысты айтылған ұсыныстарды қолдай отырып, мынандай тапсырма беремін: Өңірлік даму министрлігі тиісті мемлекеттік органдармен және облыс әкімдерімен бірлесіп биылғы 1 қарашаға дейін «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына өзгерістер енгізіп, оған «Ауылдық аумақтарды дамыту» деген жеке бөлімді қоссын. Жаңадан сайланған әкімдер мен жергілікті өзін-өзі басқару мемлекеттік функцияларды қайта бөлу мәселелері бойынша әдістемелік және түсіндіру жұмыстары жалғастырылсын», - деді С. Ахметов.
Сонымен қатар ол жаңа сайланған әкімдердің тиімді жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалғандығын, сондықтанда ауылдардың бұдан әрі қарай дамуын әкімдердің нақты жұмыс нәтижесіне байланысты екендігін атап өтті.
«Бұл мәселеге Үкімет тарапынан назар аударып, жүйелі жұмыс жасаудамыз. Бүгінгі таңда дамуға тірек болатын 516 ауыл белгіленді. «Агроөнеркәсіп» кешені бағдарламасы аясында ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылуда», - деп түйді Премьер-Министр.