С. Ахметов тариф саясатын жетілдіру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды
АСТАНА. 24 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Премьер-Министр Серік Ахметов коммуналдық қызметтердің тариф саясатын жетілдіру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.
Үкімет басшысы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі мен табиғи монополиялар субъектілерінен халық арасында түсіндіру жұмыстарын байыппен жүргізуді қатаң жүктеді.
«Мен адамдар түсінбейді не болмаса білмейді дегенге еш уақытта да сенбеймін. Тариф мәселесі барлық адамға қатысты. Олар ай сайын есеп түбіртегін алады әрі коммуналдық қызметтерге төлем жасайтын кез келген адал адам оны байыппен қарап, тарифтің әрбір өсімін біледі», - деді ол.
С.Ахметовтің атап өтуінше, түсіндіру жұмыстарына адамдармен күнделікті тығыз байланыста болатын пәтер иелері кооперативтері де белсенді атсалысуы тиісті.
«Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне ТМРА-мен және басқа да мүдделі органдармен жұмыс тобы аясында қауымдастықтардың қатысуымен өңірлерді кеңінен тақылау өткізу жұмыстарын жалғастыруды тапсырамын. Біз тариф саясаты жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар жинап, оларды қыркүйек айында шығаруымыз керек», - делі Премьер-Министр.