С. Ахметов: Жинақтаушы зейнетақы жүйесін жетілдіру - бүгінгі уақыт талабынан туындап отырған қажеттілік

АСТАНА. 5 мамыр. ҚазАқпарат - Бірыңғай зейнетақы қоры азаматтардың осы жүйеге барынша көбірек қатысып, қаражатты неғұрлым көбірек жинақтауы үшін қажет.

С. Ахметов: Жинақтаушы зейнетақы жүйесін жетілдіру - бүгінгі уақыт талабынан туындап отырған қажеттілік

Бұл туралы бүгін «Хабар» телеарнасындағы «Жеті күн» бағдарламасына берген сұхбатында Үкімет басшысы Серік Ахметов мәлім етті.

«Заң жобасында әйелдердің зейнет жасын 58-ден 63 жасқа көтеру туралы ұсыныс бар. Дегенмен негізгі мәселе зейнет жасын бірден көтеруде емес. Осыған назарларыңызды аударғым келеді. Біз зейнет жасын 2014 жылдан бастап әр жарты жыл сайын кезең-кезеңімен 10 жыл ішінде көтеруді ұсынып отырмыз. Демек, толық 63 жаста зейнетке шығу тек 2024 жылдан басталатын болады»,-деп тоқталды С. Ахметов.

«Біз мұндай қадамға неліктен барып отырмыз? Қазіргі заң бойынша 1998 жылға дейінгі еңбек өтіліне зейнетақыны мемлекет төлейді. Алайда, аталған санаттағы зейнеткерлер саны уақыт өткен сайын азая береді. Керісінше, бүгінгі жинақтаушы жүйеден зейнетақы алатын адамдардың саны көбейе түседі. Яғни, 2018 жылдан бастап зейнеткерлікке шығатын әйелдердің бюджеттен алатын зейнетақы мөлшері төмендейді. Енді ол бюджетке емес, адамның қордағы өзінің жинаған қаражатына тікелей байланысты болмақ. Міне осыған орай жинақтаушы зейнетақы жүйесін жетілдіру мәселесі алға шығып отыр. Осы тұста арнайы ескерткім келеді, бұл - бүгінгі уақыт талабынан туындап отырған қажеттілік. Демек, Бірыңғай зейнетақы қоры азаматтардың осы жүйеге барынша көбірек қатысуы, қаражатты неғұрлым көбірек жинақтауы үшін қажет»,-деді Премьер-Министр.