С. Ахметов жылу беру маусымының сапалы өтуіне әкімдердің жеке жауапкершілігін еске салды
АСТАНА. 24 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Серік Ахметов жылы беру маусымында әлеуметтік нысандардың жылу жүйесіне уақтылы қосылуын қадағалауды жүктеді.
«Жалпы, жылу беру маусымына дайындық жаман емес секілді. Алайда, болжам бойынша биыл қыс ерте түсуі ықтимал. Осыған байланысты бұл мәселені тағы да қарастыру керек, әсіресе, дайындық барысын өңір әкімдері ұдайы бақылауда ұстауы тиіс. Бұл тұрғыда жылу беру кезеңінің сапалы өтуіне облыс, қала және аудан әкімдерінің жеке жауапкершілігін тағы да еске салып өткім келеді»,-деді Үкімет басшысы.
С. Ахметов әлеуметтік нысандардың жылу беру жүйесіне уақтылы қосылуына назар аудару керектігін қадап айтты.
Сөз соңында ол бұл мәселеге жауапты ведомстволарға қадағалау жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.