С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да Қысқы мектеп ашылды

АЛМАТЫ. 22 ақпан. ҚазАқпарат /Әйгерім Әмір/ - Бүгін С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да Қысқы мектеп ашылды.

С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да Қысқы мектеп ашылды

Ол Ұлттық ғылым Академиясының академигі, професссор, Қ.Сәтбаев атындағы сыйлықтың лауреаты, республикаға еңбек сіңірген дәрігер, Семей полигонындағы ядролық жарыстың зардабын алғаш зерттеген Бақия Атшабаровтың құрметіне арналып отыр.

Қысқы мектепті Б.Атшабаров атындағы іргелі зерттеулер және қолданбалы медицинасы ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырды.

Бақия Атшабаров Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым Академиясының академигі, ғылымдағы ірі тұлға. Денсаулық сақтау саласы мен медицина ғылымының дамуы мен қалыптасуының бастауында тұрған адам.

Ол 30 жылдан аса Кеңес Одағының негізгі ғылыми медициналық орталығы - Аймақтық патология институтын басқарған. Онда туберкулез және бруцеллез эпидемиологиясын, ауыл шаруашылығындағы және өндірістегі еңбек гигиенасының ғылыми проблемалары, радиациялық гигиена, әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтау ұйымдары, тамақ ішу гигиенасы, жүйке жүйесінің патофизиологиясы және т.б. сияқты жұмыстарды зерттеп дамытуда үлкен іс атқарған.

Ол Семей полигонындағы ядро жарылысының кері салдарын алғаш зерттеп, халыққа шындықты жеткізуші. Бақия Атшабаров Семей палигонындағы 1957-1959 жылдары жүргізілген зерттеу жұмыстарының еш зияны жоқ деген нәтижесін алғаш болып кері дәлелдеп шықты. Оның он екі томдық ғылыми есептері істеген жұмыстарының оң нәтижесін берді. Қорытындысында оның осы жердегі жұмыстары үздік болып шықты. Ал, аймақтық патология, яғни «Қайнар синдромы» әлемдік медицина әдебиетіне жаңа ауру түрі ретінде енді.

Атом сынағына қатысты атқарған жұмысы ғалымның жалғыз ғылыми ізденісі емес. Ол бұдан да басқа көптеген йод жетіспеушілігі, жүйке жүйелеріндегі гипертоникалық әсер және т.б. тақырыптағы зерттеулерге кандидаттық пен докторлығын қорғап шыққан.

Қатысушыларға «Ғалымның құрметіне орай» бейнефильм көрсетілді. Одан кейін «Академик Б.Атшабаровтың ғылыми мұрасы», «Ғылым-білім зертханасы: табыс және келешек», «Заманауи автоматтандырылған зертхана», «Ғылым-білім зертханасындағы университеттік ғылым», «Білімдегі жаңашылдық: ғылым-білім зертханасы», «Электрофорездегі жаңа тәсілдер» деген тақырыптарда баяндамалар жасалды.

«Қысқы мектеп тек бір ғана көрнекті ғалым, әлем ғылымына жаңалық еңгізген академик Бахия Атшабаровтың құрметіне ғана арналып отырған жоқ. Бұл, сонымен қатар, ҚазҰМУ-дың ұжымына, яғни осы оқу орнының қалыптасуына ерен еңбегін тигізген адамдарға да арналып отыр. Университет ұрпақ арасында интеллектуалдық байланысты сақтап қалды. Адамгершілік және дәстүр - ҚазҰМУ-дың болашаққа сенімді қарайтын арқауларының бірі» - деді университет ректоры Айқан Ақанов.