Іс басқармасының кәсіпорындары «Таза Қазақстан» акциясына белсене атсалысты
АСТАНА. KAZINFORM - Республикалық «Таза Қазақстан» акциясына ҚР Президенті Іс басқармасына қарасты кәсіпорындар белсене атсалысып жатыр.
Бүгін «Almaty Resort» шипажайы қызметкерлері экологиялық іс-шараға қолдау білдіріп, сенбілікке шықты. Емдеу-сауықтыру кешенінің басшылығы, дәрігерлер қауымы, тамақтану бөлімі және шаруашылық бөлімі қызметкерлеріне дейін жұмыс істеді. Аумақта шашылған жапырақ мен қураған ағаш бұтақтарын, басқа да қоқысты тазалады.
Инженерлік-шаруашылық қызметінің басшысы Евгений Чудин:
-Осындай қоғамдық жұмыстарды жиі ұйымдастыру керек. Бұл экологиялық мәдениеттің қалыптасуына ықпал етеді, халық қоршаған ортаны қорғаудың маңызын түсінеді. Сонымен қатар үлкен, тату ұжымда корпоративтік рух нығая түседі,- дейді.
Экологиялық акция аясында шипажай ұжымы шамамен 15 мың шаршы метр жерден 2 жүк көлігіне тиелген қоқыс шығарғанын айта кетейік. Медорталыққа қарасты Ұлттық госпиталь ұжымы экологиялық акцияларға үнемі атсалысып келеді. Күздің соңындағы іс-шараға да дәрігерлер қауымы құлшына қатысты.
Мекеменің аула тазалығына жауапты қызметкері Әбдіжапар Байзақов осында 9 жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келеді.
- Көктем шыққалы бірнеше сенбілікке қатыстық. Біздің ұжымның мүшелері өте еңбекқор, мәдениетті, кішіпейіл. Сенбілік сайын жұмысқа қажетті заттарын алып, құлшынып шығады, - дейді ол.
Іс басқармасына қарасты «ҚР Президентінің Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы» кәсіпорнының ұжымы да экологиялық акциядан сырт қалмады. Жыл басынан бері үшінші рет сенбілікке шыққан қызметкерлер елордадағы Желтоқсан көшесінің бойында орналасқан гүлзарда жұмыс істеді.
Сөйтіп, 6 мың гектарға жуық жерді алып жатқан гүлзар аумағы шашылған қоқыс пен шіріген жапырақтардан тазарып қалды. Одан бөлек, мекеменің инженерлік корпусындағы сорғыларды тазартып, әріптестерінің жұмысына қолғабыс жасады.