С. Досованың әлемдегі ең ұзақ жасаған адам екендігі ҚР атынан ресми жарияланып, Үкімет 100-ден асқан қарияларды қамқорлығына алуы тиіс ? А. Смайыл
АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Сақан Досованың әлемдегі ең ұзақ жасаған адам екендігі Қазақстан Республикасы атынан ресми жарияланып, Үкімет 100-ден асқан қарияларды қомқорлығына алуы тиіс.
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдаған Алдан Смайыл осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Күні кеше ғана аяқталған халық санағы қазақ елінде ғасырдан озған қариялардың бар екендігін анықтады. Республикамызда бүгінгі күні көп жасаған 26 жан ғұмыр кешіп жатыр. Олардың 24-і - әзіз аналар. Сұрапылды көрген күйзелмеген, қиындық көрген түңілмеген, жасты көрсе жадыраған, еліне бақ-дәулет тілеуден жаңылмаған сол әулие сынды ата-аналарымыздың алды - 130 жаста. Қарағанды қаласында тұратын Сақан Досова анамыз бүгінде әлемде ең ұзақ жасаған адам. Осыған дейін дүниежүзінде жасы үлкен жан 117 жастағы жапондық деп жарияланса, қазақ кейуанасы өмірге одан 13 жыл бұрын келіпті», - деді депутат. Сонымен бірге А. Смайыл БАҚ тарапынан бұл мәселе жарыса жазылғанымен, «ат үстіндегі айтулы азаматтардың» селт етпегеніне қынжылыс білдірді. Оның айтуынша, бұл қуанышты хабарға министрліктер де, мемлекеттік органдар да үнсіздік білдіріп отыр. Осыған орай, депутат Үкіметке бірқатар талаптарын жария етті. «Біріншіден, 100 жасаған қариялар тиісті министрліктер мен облыс әкімдіктері тарапынан материалдық қолдауға ие болса екен. Екіншіден, Жамбыл облысындағы 112 жастағы Ырымгүл Қожахметова, Оңтүстік Қазақстан облысындағы 120 жастағы Қымбат Есенғараева, Қарағанды қаласында тұратын 130 жастағы Сақан Досова аналарымыз барлық жағынан толық мемлекеттің қамқорлығына алынып, тұрақты медициналық қызмет тағайындалуы тиіс. Осы күнге баспанасыз келген Сақан Досоваға Қарағанды қаласынан лайықты пәтер берілсе игі. Үшіншіден, Сақан Досова әлемдегі ең ұзақ жасаған ана екендігі Қазақстан Республикасы атынан ресми жарияланып, Гиннестің рекордтар кітабына енгізілсін. Осындай имандылық шараларын ата-баба салтынан қалған ізгілік салтымен жүзеге асырайық», - деді А. Смайыл.