Съезд қызметін жетілдіру, оның өркениеттер мен діндер диалогының жаһандық процесіндегі орны мен ықпалын әрі қарай күшейту ісі ортақ мақсатымыз - Қ. Тоқаев
Бүгін елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының ІХ отырысында аталған хатшылық басшысы, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым‑Жомарт Тоқаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тың идеялар ұсынып, белсенділікті арттыру қажет. Сондықтан, біз жазғы форумның ізін суытпай, өздеріңіздің пікірлеріңізді білу үшін осы отырысымызды өткізуді ұйғардық», деді Қ. Тоқаев. Сонымен бірге, Төраға форумға қатысушылар тарапынан оның жұмысын жетілдіруге қатысты бірқатар ұсыныстар келіп түскенін айтып өтті. «Ұсыныстардың ішінде қазіргі заманның өзекті проблемалары бойынша секциялық отырыстар санын көбейту, іс-шара жұмысына әйел адамдарды кеңінен жұмылдыру туралы мәселелер бар. Сондай-ақ дінаралық төзімділікті нығайтуға бағытталған іс-шаралар жоспарын әзірлеу, діндер арасында сындарлы диалог жүргізу концепциясын пысықтау сияқты бастамалар көтерілді. Өткен форум туралы сіздердің пікірлеріңізді тыңдасақ, бұл бізге 2012 жылы ұйымдастырылатын төртінші съезге дайындық барысында үлкен септігін тигізер еді», деді Төраға.