С гепатитін жұқтыру себебін тергеумен байланысты қан тапсыруға қатысқан әрбір донор тексерілуде
Бұл туралы бүгін ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәлет Сүйіндіков БАҚ өкілдерімен болған баспасөз мәслихаты барысында мәлім етті.
Ағымдағы айда ҚР Бас прокуратурасы аталған жайтқа орай алдын ала қорытынды шығарғанын, алайда ол медициналық қызметтің іс-әрекеттеріне біржақты құқықтық баға беру үшін сенімді негіз бола алмағандығын айтқан ол: «алдын ала қорытындылар жан-жақты зерделенгеннен кейін біздің тарапымыздан аумақтық прокурорға тексеруді жалғастыру туралы қосымша тапсырма берілді. Қазіргі уақытта маған белгілі болып отырғаны, прокурорлар екі тараптың да жағдайды түсіндіруге тырысуын болдырмау үшін қан тапсыру үрдісіне қатысқан республиканың әрбір донорын тексеруді жүргізіп жатыр», деді.
Оның атап өтуінше, донорларды тексеру барысына мемлекеттік денсаулық сақтау органдарымен қатар тәуелсіз медициналық ұйымдардың сарапшылары да қатысуда.