С гепититіне шалдыққандарды емдеуге арналған дәрі-дәрмектің алғашқы партиясы Қазақстанға жеткізілді
АСТАНА. Наурыздың 29-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - С гепититімен ауыратын науқастарға кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында берілуі тиіс препараттардың алғашқы партиясы Қазақстанға жеткізілді. Бұл туралы бүгін журналистермен өткен баспасөз мәслихатында дәрі-дәрмекті жеткізуші «Медсервис+» компаниясының бас директоры Жанат Омаров мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ж.Омаровтың айтуынша, кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында тапсырылған «Интерферон альфа» (Роферон) препаратын Қазақстанға жеткізу бойынша бүгін, «СК-Фармация» ЖШС-мен келісімшартқа қол қойылды. «Дәрінің алғашқы 3 мың данасы кедендік бекеттерге жетті. Бір аптаның көлемінде ол науқастарға жететін болады», - деп атап өтті ол.
Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі «СК-Фармация» ЖШС-ға С гепатитіне шалдыққан науқастарды кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде емдеу үшін 2010 жылға «Интерферон альфа» (өндіруші Швейцария) дәрі-дәрмегінің барлығы 135 мың 720 дана шприц-тюбигіне тапсырыс берді. Мемлекеттен бұл тапсырысқа барлығы 550 миллион теңге бөлінді.
Өз кезегінде «СК-Фармация» ЖШС бас директорының орынбасары Жанайдар Мусин, «Медсервис+» компаниясы аталмыш препаратты Қазақстан Республикасына жеткізумен бұған дейін де айналысқанын атап өтті.
«Интерферон альфа» бұрынғыдай монотерапия ретінде қолданыла береді, бірақ биыл бұл препаратпен «Рибовирин» (Ребетол) сұйық дәрісі (сироп) қосымша тағайындалатын болады. Қазір оны Қазақстанда тіркеу және жеткізу бойынша Денсаулық сақтау министрлігімен келіссөздер өтті. «Медсервис +» компаниясы алғашқы уақытта бұл препаратты өзінің қоймадағы қорынан беруге келісті. Кейін, ол бойынша бөлек келісімшарттар жасалатын болады», - деді ол.
Баспасөз мәслихатында атап өтілгендей, арнайы тапсырыспен Канадада жасалатын «Рибовирин» препаратын Қазақстанда тіркеу жұмыстары екі-үш ай уақытты алады. Оның бір жылға беріліп отырған тапсырыс көлемі - 12 мың дана.