С.Қонақбаевты Мәскеу-1980 Олимпиадасында қапы қалдырған итальяндық танымал боксшы Олива Патрицио Астанаға келді
АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат - Серік Қонақбаевты Мәскеу-1980 Олимпиадасының финалында қапы қалдырып кеткен итальяндық танымал боксшы Олива Патрицио бокстан ересектер арасындағы Қазақстан ұлттық чемпионатын тамашалауға келді.
Чемпионат алдындағы баспасөз мәслихатында ол бұрынғы досы Серік Қонақбаевпен бірге иықтасып отырып, өткенді еске алды.
«Мен үшін осында Сіздермен бірге отырғаным үлкен құрмет. Менің ескі жолдасым Серік Қонақбаевқа шақыруы үшін рахмет! Мен оның шақыруын ойланбастан қабылдадым, себебі бастан өткерген қызықты сәттерімізді еске алуды былай ысырып қойғанның өзінде, онымен көрісудің өзі үлкен бақыт. Серік менің жүрегімде мәңгі қалады. Ол мен үшін маңызды адам. Әуесқой боксшылар арасында чемпион атанғанымда - бұл зор құрмет болды. Сондықтан сондағы қуанышымның бір тәтті естелігі Серік болып қалды. Әр кезде де оны бокстың нағыз маманы деп білемін. Серік аңыз спортшы ғана емес, саясатта да, адам ретінде де үлкен тұлға болып қалыптасқан жан. Қазір ол Қазақстан бокс федерациясында өкілдік етеді. Оны федерация жұмысында үлкен жетістіктер күтіп тұрғанында күмәнім жоқ», - деді ол алғысөзде.
Сонымен қатар итальяндық ардагер Әлемге шлемсіз бокс чемпионатын өткізуді қайта алып келген Қазақстанның тың бастамасына да өз пікірін білдірді.
«Әуесқой бокста шлемсіз жұдырықтасу сәтіне жеткеніміз де қуантуда. Тек осы жағдайда ғана бокс кәнігі өнер болады», - деді О.Патрицио.
Қазіргі уақытта Олива Патрицио жеке кәсіпкер. Атап айтқанда, шетелге Италияда жасалған тауарларды сатумен және ақпараттық технологиялар трансфертімен айналысады.
«Көрсетілім кездесуге шоу ретінде Серік Қонақбаевпен жекпе-жек өткізуге шақырса, Сіз келісер ме едіңіз» деген сауалға О.Патрицио: «Біздің кездесуімізді тек кешкі ас үстінде, дастархан басында ғана көруге болатын шығар», - деп қалжыңдады. Оған Серік Қонақбаев та болысып, «Спагетти жеп отырып, көріп қалуларыңыз мүмкін», - деп жиналған журналистерді ду күлкіге қарық қылды.