С.Кулагин Көкшетаудағы қазақ музыкалық-драма театрының ұжымын 20 жылдығымен құттықтады (ФОТО)
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин Көкшетаудағы Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының құрылуына 20 жыл толуына орай театр ұжымын аталмыш мерекелерімен құттықтады.
«Осыдан тура 20 жыл бұрын осы өнер ошағы құрылды. Қаншама жұмыстар атқарылды, бәрі ойдағыдай орындалып бүгінде театр бәріміздің мақтанышымызға айналды. Ол кез өте қиын кезең болатын, өйткені көкшетаулық театрға бүкіл республикадан тәжірибелі әртістер іздеген едік. Осы өткен кезең аралығында біздің театрмен бірге көптеген мәдени қайраткерлердің, өнер сүйер қауымның жаңа легі дүниеге келді.
Әрине, Сіздердің әрқайсыларыңыз жалпы өңірдің, еліміздің қоғамдық-мәдени өмірін дамытуға орасан үлес қостыңыздар. Бүгінгі мерейтой күні мықты денсаулық, отбасылық бақыт, шабыт және сәттілік тілеймін», - деді облыс әкімі.
Өз кезегінде театр жетекшісі Марал Жақыпова облыстық театрдың қол жеткізген жетiстiктерін айтып берді. Театр осы жылдар iшiнде түрлi жанрдағы 111 драмалық шығарманы сахналаған. Отандық шығармалармен қатар шет елдiк, әлемдiк драматургия да қамтылып келедi. Театр актерлерiнiң сахналық шеберлiктерiн театр фестивальдерiнде алған мараппатарынан көруге болады. Театр труппасы оннан астам республикалық, бес халықаралық театр фестивальдерi мен форумдарына қатысып, «Ең үздiк қойылым», «Ең үздiк актерлiк ансамбль», «Тарихи тақырыпты сәттi игергенi үшiн», «Тарихи тұлғаны ұлықтағаны үшiн», «Ең үздiк ер адам рөлi үшiн» т.б. номинациялар бойынша марапатталған.
Онан кейін театр басшысы ұжымның алдағы жоспарларымен бөлісіп, өнер ошағының жүрiп өткен жолы туралы «Тәуелсiз ел - театр тарихында» деп аталатын су жаңа кiтапты сыйға тартты.
Еске сала кетсек, Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының мерейтойлық іс-шарасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өтуде.