С.Кулагин: Су тасқынынан зардап шеккен оразақтықтар қыркүйектің екінші жартысынан бастап жаңа үйлерге қоныстанады (ФОТО)

С.Кулагиннің айтуынша, бүгінгі күні Целиноград ауданында көктемде қар суынан зардап шеккендерге барлығы 298 жаңа пәтер беру көзделген. «Биылғы жылғы көктемгі су тасқынынан Ақмола облысындағы бірқатар елді мекенді су шайып кетіп, халықты біраз әбігерге салды. Соның ішінде Целиноград ауданындағы Оразақ ауылында 200 жүзге жуық үйлер топан судың салдарынан жарамсыз деп танылды. Осы күні табиғат апатының зардаптарын жою үшін ауылда абаттандырылған және инженерлік желілері бар екі пәтерлі жүз тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Мұндағы әр пәтердің көлемі 83,6 шаршы метрді құрайтын болады. Бұл үйлер баспаналары жарамсыз болып қалған тұрғындарға берілмек. 10 сотық жер аумағы қоршалып, шаруашылыққа қажетті қора-қопсысын да салу көзделген. Қазіргі кезде осындай 47 үйдің қабырғалары тұрғызылып, төбе шатыры, есік және терезелері жабылуда. Қыркүйек айының екінші жартысынан бастап тұрғындарды жаңа баспанаға қоныстандыра бастаймыз. Ал, қазан айында толық көшірілетін болады», деді облыс әкімі өз сөзінде. Сонымен қатар, ауылда 20 жыл бос қаңырап тұрған екі қабатты бұрынғы мәдениет үйінің ғимараты уақытша мектеп ретінде қайта қалпына келтірілуде. Осында ауыл жолдары жөнделіп, бөгет те тұрғызылуда. Одан басқа Ағанас, Шнет, Ақмол және Қосшы ауылдарының тұрғындары үшін екі 45 пәтерлі көпқабатты үйлер салынуда. Жалпы, Целиноград ауданында көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге барлығы 298 жаңа пәтер берілмек. Құрылыс жұмыстарымен танысқан өңір басшысы барлық нысанды кестеге сай, белгіленген мерзімінде тапсыруды талап етті.