С.Мұсайбеков моңғол дзюдошысының неліктен Қазақстан атынан сынға түсетіндігін түсіндірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан дзюдодан әлем чемпионатын өткізуге толық дайын. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков мәлім етті.

 С.Мұсайбеков моңғол дзюдошысының неліктен Қазақстан атынан сынға түсетіндігін түсіндірді

«Бүгін Астанада дзюдодан әлем чемпионаты басталды. 24-30 тамыз аралығында «Алау» спорт сарайында жаңа әлем чемпиондарының есімдер анықталмақ. Елімізге осы жарысқа қатысу үшін 900-ге жуық спортшы, 144 елдің өкілі, 200-ден астам шетел журналистері және халықаралық ұйымдардың өкілдері келіп жатыр. Бүгін сағат 16-00-де чемпионаттың ресми ашылуы болады. Қазақстан бұл чемпионаты қарсы алуға дайын», - деді ол.

Сонымен қатар ол БАҚ өкілдеріне моңғолдық дзюдошының Қазақстан атынан өнер көрсетуіне қатысты да түсінік берді.

«Моңғол дзюдошысы Отгонцэцэг Галбадрахпен келіссөздер өткен жылы олардың бастамасымен басталған болатын. Бұл қыз әлемнің үздік дзюдошыларының бестігіне кіреді. Ол өз еркімен Қазақстан атынан өнер көрсеткісі, Қазақстан құрамасының сапында олимпиадалық жетістіктерге жеткісі келді. Яғни, өзінің спортшы ретіндегі талантын біздің елімізде көрсетуге ниет танытып отыр», - деді вице-министр.