С. Омаров: Қажет болған жағдайда фермерлер дәнді дақылдардың өсіп-өнуін жеделдететін стимуляторлар қолдануы керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қажет болған жағдайда фермерлер дәнді және майлы дақылдардың өсіп-өнуін жеделдететін стимуляторлар қолдануға дайын болуы керек. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров мәлім етті.
None
None

«Шаруалар өз кезегінде дала жұмыстарын өткізу бойынша дұрыс тәсілмен стратегияны әзірлеп, табиғи құбылыстардың салдарын азайтуға дайын болу керек. Мұнымен қоса, егін егу науқаны кешіктірілген жағдайда дихандар егісті күтіп-баптау технологиясына өзгерістер енгізуге әзір болу қажет. Нақтырақ айтқанда, дәнді және майлы дақылдардың өсіп-өнуін жеделдететін стимуляторлар қолдану ескерілуі тиіс. Бұдан басқа, егістікті зиянкестерге және ауыл шаруашылығы дақылдарының ауруларына қарсы уақтылы өңдеуді назардан тыс қалдырмаған жөн»,- деді министрдің орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі көктемгі дала жұмыстарын дер кезінде өткізу үшін барлық қажетті жағдай жасауда. Десек те, шаруалар өз техникалық мүмкіндіктеріне, графигі мен қажеттіліктеріне сай егін егуде. Министрлік әрбір жеке шаруашылықтағы көктемгі дала жұмыстарының өткізу барысына ықпал ете алмайды.

«Мемлекет пен Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қабылданған шаралардың арқасында науқан басында көктемгі дала жұмыстарын оңтайлы уақытта өткізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қаржымен, жанар-жағармай материалдарымен, тұқым және техникамен қамтамасыз етілді»,-деді С. Омаров.

Соңғы жаңалықтар