С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың сегіз оқытушысы 2011 жылғы «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атанды
АСТАНА. 5 қаңтар. ҚазАқпарат - С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің 8 оқытушысы 2011 жылғы «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атанды,
деп хабарлады білім ордасының баспасөз қызметінен.
Оқу орнының хабарлауынша, таяуда ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен өткен комиссия отырысы 2011 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын тағайындау жөніндегі республикалық конкурстың шешімін шығарған.
Конкурс 2011 жылдың 8 қарашасы мен 1 желтоқсаны аралығында өтті. Мәселен, өткен жылы конкурсқа республикамыздың 86 жоғары оқу орнынан 850-ден астам үміткер қатысса, биылғы жылы 84 жоғары оқу орнынан 600-ден астам үміткер өтініш білдірген. Конкурсқа 38 мемлекеттік, 14 акционерлік, 32 жеке меншік жоғары оқу орнынан үміткерлер қатысқан.
«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын тағайындау үшін конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша республиканың ең үздік 200 үміткері айқындалды. Олардың қатарында 2011 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атанған С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың 8 оқытушысы бар. Олар: Сәрсенбай Әбдірахманов, Жайдары Әбілдина, Болат Әбдікәрімұлы, Юрий Балджи, Нұрлыбай Қажығалиев, Николай Костюченков, Саяхат Нөкешев, Базархан Рүстембаев.