С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ студенттері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жолдады
АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жолдады.
«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Біз, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехикалық университетінің студенттері, магистранттары және докторанттары Сіздің «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты дәрісіңізді тыңдап, Сізге біздің еліміздің болашағына жасаған қамқорлығыңыз үшін зор алғысымызды білдіреміз. Сіздің еңбек қоғамы, білім қоғамы жолына Қазақстанды жетелеу үшін ұсынған әрі жария еткен идеяңыз аумалы-төкпелі әлем дәуірінде білім алып жатқан бізге, қазақстандықтардың жас буынына тікелей байланысты», - делінген үндеуде.
Университет студенттері өздері білім алып жатқан орданың болашақ мамандары ретінде еліміздің ауыл шаруашылығын өркендетуге, шығарған өнімін әлемдік стандарттарға сай келтіруге бар күш-жігерлерін жұмсайтындығын баса айтқан.
Сондай-ақ университет «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасына ұйытқы болғандығына назар аудартқан студенттер, өз үндеулерінде: «Бүгінде біз тағы да Қазақстанның студент жастарын ауылды өркендетуге үндейміз. Егерде біз болмасақ кім өркендетеді. Ауыл шаруашылығының болашағы бізде. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Біз болашақ ақпарат, білім мен технология барынша өнімді пайдаланылатын, ғылым белсенді дамитын елдерге тиесі екендігін білеміз. Сондықтан да біз Қазақстанның жас буынын үздік оқу, шет ел тілдерін жетік білу және университеттің ғылыми зерттеулеріне белсенді қатысу арқылы еліміздің үдемелі индустриалық-инновациялық дамуы үшін «Білім-Ғылым-Инновациялар» үштігін сәтті жүзеге асыруға бар күш-жігерін жұмсауға шақырамыз», - дейді.