С.Сейфуллиннің арқасында кезінде қырғыз атанып кеткен халқымызға «Қазақ» мәртебесі қайтарылды
Қалыптасқан үрдіс бойынша, ақынның оқу орны алдында орналасқан ескерткішіне университет әкімшілігі атынан ректор Ақылбек Күрішбаев гүл шоқтарын қойды.
Сондай-ақ алып Алаш қайраткерінің есімін иемденген астаналық тұңғыш жоғары оқу орнының басшысы университеттің оқытушылары мен студенттеріне, қызметкерлеріне, барша қазақ еліне осы датаға орай ізгі ниетін білдірді.
«Сәкен қоғамдық ой-пікір, әдеби, мәдени тарихымызда ерекше орын алған жарқын тұлға. Сонау 30-ыншы жылдары елімізде болған саяси зұлматта талай арыстарымыз бен асылдарымыздың ғұмыры қыршын болды. Бірақ рухы мықты адамды тарихтан өшіру мүмкін емес. Сәкен Сейфуллиннің рухы мәңгі жасайды. Елім, халқым деп өткен айбынды қайраткеріміз қаламгерлік пен қайраткерлікті ту етіп, от пен оқтың арасында жүріп, жас ұрпаққа аманат болар баға жетпейтін құндылықтарды жазып кетті», - дейді А.Күрішбаев.
Сәкен Сейфуллин Қазақ елін Кеңестер одағы құрамына енгеннен бастап бүгінге дейін басқарған 22 үкімет басшысының арасындағы ең жасы, ең албырт, ұлт жолында жаны құрбан болған іскер басшы. С.Сейфуллиннің арқасында кезінде қырғыз атанып кеткен халқымызға «Қазақ» мәртебесі қайтарылды.