С.Шаяхметов: Маған тағылған айыптарды толық мойындамаймын
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұрынғы Білім және ғылым вице-министрі Саят Шаяхметов өзіне тағылған айыптармен толық келіспейді. Бұл туралы ол Астана қаласы № 2 Алматы аудандық сотында өтіп жатқан сот отырысы барысында мәлімдеді. Еске салайық, сыбайлас жемқорлық бойынша айыпталған бұрынғы экс-вице-министр Саят Шаяхметовтің ісіне қатысты алғашқы сот отырысы судья Бақытбек Сыздықовтың төрағалығымен өтуде.
«Мен тағылған айыпты толықтай мойындамаймын», - дедi сот отырысы барысында С.Шаяхметов.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының салынып жатқан білім және ғылым нысандары дирекциясы» ЖШС бас директоры Александр Пак пен «ЗАК Сервис» ЖШС бұрынғы бас директоры Роман Киреев те, сондай-ақ, тағы бір айыпталушы аталған ЖШС қазіргі директоры Алексей Тутубалин де өздеріне тағылған айыпты мойындамайтындықтарын жеткізді.
Естерiңiзге сала кетейік, бүгiн Астанада №2 Алматы аудандық сотында бұрынғы ҚР Бiлiм және ғылым вице-министрi Саят Шахметовке қатысты сот отырысы өтіп жатыр. С.Шаяхметов Өскеменде 700 орындық білім беру мекемесі құрылысы кезінде қызмет өкілеттігін теріс пайдаланды деп айыпталып отыр. Ол мемлекетке 1,1 млрд. теңге көлемінде шығын келтірді делінеді.
Бұдан бөлек, сотта айыпталушы ретінде «Қазақстан Республикасы тұрғызылып жатқан білім және ғылым нысандары дирекциясы» ЖШС бас директоры Александр Пак, «Сервис ЖАК» ЖШС бұрынғы бас директоры Роман Киреев және аталған ЖШС қазіргі директоры А. Тутубалин де қатысуда. Оларға бюджет қаржысын алаяқтық жолмен жымқырды деген айып тағылған.